Қазақстанның экономикалық жыл қорытындысы

Қазақстанның 2019 жылғы жалпы ішкі өнімінің өсімі жоспарлы межеден асты. Көрсеткіш 4 пайыздан артық. Сарапшылар бұны өндірістік көлемінің ұлғайып, қызмет көрсету саласының жетілуімен байланыстырып отыр. Өсім деңгейінің жақсаруында шикізаттық емес сектордың үлесі басым.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, өнеркәсіптің өсім қарқыны сақталған. 2019 жылдың 11 айында өндіріс көлемі 3,6 % артқаны байқалады, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Өңдеуші өнеркәсіптің өсім деңгейі 3,8% құрады. Бұл машина жасау және фармацевтика салаларының дамуымен тікелей байланысты. Тау-кен өндірісі кәсіпорындарының өсімі 3,7% деңгейді көрсетіп отыр. Құрылыс саласының өсім қарқыны да сақталған. Саладағы жұмыстардың көлемі 12,1% артты. Қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділік те күшейген. Сауда-саттық саласының көлемі 7,5% ұлғайды.  

ДЖОВАННИ КАПАННЕЛЛИ, ҚАЗАҚСТАНДАҒА АДП ӨКІЛДІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің алдын ала болжамдарымызға сәйкес биыл Қазақстан 3,8% өсім көрсетеді деп күткен едік. Кейін үстіміздегі жылдың үшінші тоқсанының нәтижелері қолымызға түскенде, тек осы уақыт аралығында ғана бұл көрсеткіштің өсімі  4,3% жеткенін көрдік. Біз сондықтан Қазақстанның өсім болжамын қайта қарадық. Негізінде экономикалық зерттеулер бөлімі Қазақстанның 2019 жылғы жалпы ішкі өнімінің деңгейі 4,1% артады деп бағалаған болатын. Енді оның әлі өсетінін көріп отырмыз.   

Қазақстан инвестициялық белсенділікті арттыруға басымдық беріп келеді. Тек 2019 жылдың басында ғана елімізге жаңадан 40-қа тарта шетелдік инвестор келген. Бұл орайда тәуелсіздік жылдары жергілікті экономикаға 120 елден 330 млрд доллар тартылғанын айта кеткен жөн. Бүгінде ел аумағында шетелдік капиталмен жұмыс істейтін 17 мыңға жуық компания тіркелген.

МУСТАФА ЯВУЗ, ИНВЕСТОР /ТҮРКИЯ/:

– Біз электроника саласында жұмыс істейміз. Қиыр Шығыс елдері мен Германияға инвестиция салдық. 9 ай бұрын Қазақстанға қаржы құямыз деп ұйғардық. Шешіміміз дұрыс болғанына сенімдіміз. Елде үш деңгейлі жүйе арқылы инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайларды пайдаланып, біз банк, мобильдік және сауда салаларында электронды қауіпсіздік жүйесін іске қосамыз.

Шағын және орта бизнес те ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүр. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айына дейінгі көрсеткішке сай шағын және орта кәсіпкерлік субектілерінің қатары 7,8% артып, 1 млн 300 мыңға жеткен.

Мамандардың айтуынша, әлемдік сауда ағынының төмендеуі сынды сыртқы факторларға қарамастан, Қазақстан қарқынды экономикалық өсімін сақтап қала алды. Бұған индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған шаралар септігін тигізген.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: 365info.kz