Қазақстан және Азия даму банкі әріптестігіне – 25 жыл

Азия даму банкі Қазақстанға 6 млн долларға жуық инвестиция салды. Бұл – халықаралық қаржы институтының елімізбен ширек ғасырлық әріптестігі уақытында құйылған қаржы. Ол ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика сынды экономикалық салаларын қолдауға бағытталды.

Айта кетейік, Қазақстан – Азия даму банкімен ынтымақтастық құрған Орталық Азиядағы ең алғашқы мемлекет. 1994 жылы бастау алған әріптестік қарым-қатынас әлі де жалғасын тауып келеді.

Бүгінде инфрақұрылымды жаңғырту, иновацияларды қолдау, баламалы қуат көздерін жетілдіру, экологиялық стандарттарды дамыту жобаларының әлеуетін арттыруға басымдық берілуде.

Халықаралық қаржы институты өкілінің айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік жылдары экономикасын қарқынды дамытып, аймақтың көшбасшы мемлекеті екенін барынша дәлелдеп келеді.   

ДЖОВАННИ КАПАННЕЛЛИ, ҚАЗАҚСТАНДАҒА АДП ӨКІЛДІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Әрдайым бірінші болып, алда жүру – Қазақстанның қанында бар қасиет. Бұл мемлекет қай істе болмасын көш бастап келеді. Түрлі салаларда реформаларды сәтті ендіріп өрге басты. Бір ғана мысал келтірейін, Қазақстан тұрақты даму мақсаттары бойынша бәрінен оза шапты. Көрсеткіштерді жақсарту үшін талай жоба жүзеге асырылды. Үстіміздегі жылдың қараша айында біз үкімет және Бірікен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасымен бірге тұрақты даму мақсаттарын жетілдіруге  арналған алғашқы аймақтық саммит өткіздік. Жиында осы тақырып аясында Қазақстан мен өзге де өңір елдерінің қаржылық және басқа да мәселелері талқыланды.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов