Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын марапаттады

Цифрлық технологияны енгізген өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының санын 2025 жылға дейін 200-ге дейін жеткізу. Мемлекет басшысы Үкіметке осындай міндет жүктеді. Нәтижесінде толық автоматтандыру мен роботтандыруға қол жеткізу көзделген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей, Қазақстандағы өнеркәсіптік дамудың маңызды бағыты – индустрия 4.0.

Бүгінде кәсіпорындарды цифрландыру бойынша пилоттық жобалар бүкіл ел бойынша жүзеге асырылуда.

Жалпы, ұлттық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін дамыту республика үшін басты міндет болып табылады, деп атап өтті Қазақстан Президенті. Мемлекеттің индустриялық саясатының негізгі элементі экспортты ынталандыру және ішкі нарықты ілгерілету болып табылады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ,  ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - 2020 жылдан бастап индустрияландырудың үшінші бағдарламасын іске асыру қолға алынады.  Біз жеке сектордың әлеуетін барынша пайдалана отырып, экспортқа бағдарланған өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағыт алдық. Индустрияландырудың үшінші бесжылдығын іске асыру барысында алдыңғы бесжылдықтың қателіктерін ескеріп, өңделген өнімнің экспортын ұлғайту, өнімді технологиялық тұрғыдан жақсарту, сапалы жұмыс орындарын құру көзделген.

Сондай-ақ президент ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосқан үздік өндірушілерді марапаттады. Жеңімпаздардың есімдері жыл сайынғы «Алтын сапа» президенттік сыйлығында, «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінде белгілі болды.

Биыл байқауға қатысуға 450-ге жуық ұйым өтінім берген.

Фото: Мир 24