Қазақстан жеңіл өнеркәсіп өндірісі 2 есеге дейін ұлғаяды

Қазақстан жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көрсеткішін екі есеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Аталмыш сала алдына екі жылдың ішінде бұл межеге жету талабы жүктелді. Тауар шығарылымының көлемін арттыра түсу мақсатында арнайы жол картасын жүзеге асыру қолға алынды.

Құжат 2021 жылға дейін экономиканың осы секторын барынша қолдап, дамытуды көздейді.

АБЫЛАЙ МЫРЗАХМЕТОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Қазір біз осы жұмыстарды қолға алдық. Жол картасында алғаш рет бұндай мақсаттарға жету көзделген. Бұл жай ғана өнімнің пайыздық мөлшерлемесін арттыру емес, шикізаттан дайын өнім шығаруға дейінгі кезеңдерді, кешенді іс-шараларды толықтай қамтитын құжат. Өткен наурыз айынан оны тиімді түрде жүзеге асыруға кірістік. Ол үшін арнайы жобалық кеңсе құрылды

Еске салайық, соңғы төрт жылда жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 57 пайызға артты. Бүгінде бұл көрсеткіш 87,5 миллион теңгені құрап отыр. Сала мамандарының мәліметіне сүйенсек, ел аумағында мыңнан астам жеңіл өнеркәсіп ошағы бар. Оларда 900 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: strategy2050.kz