Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналым 530 млн долларды құрады

Көршілес орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан – стратегиялық серіктестер. Биыл республикалар арасындағы тауар айналымы 530 млн долларды құрады. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қырғызстанның 1100 бірлескен кәсіпорыны бар.

Айталық, Антон Рипп кәсіпкерліктің өзара барлық артықшылықтарын түсінгендердің бірі. Оның компаниясы 6 жыл ішінде өндіріс көлемін бірнеше есеге арттыра отырып, нарықта өзіндік орнын таба білді.

АНТОН РИПП, КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Біздің нарықта тапсырыс берушінің қаражатын үнемдейтін, ғимаратты сапалы жылытатын тауардың жоғын, ондай материалдың Қазақстан нарығында да жоқ екендігін түсіндік. Қазақстанда 100-ге жуық қырғыз кәсіпорны жұмыс істесе, Қырғызстанда ісін өрге дөңгелетіп отырған қазақстандық компаниялардың саны одан 10 есе артық.

ЗАЙНИДИН ЖУМАЛИЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАН ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨҢІРАРАЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу және ет өнімдерімен айналысатын кәсіпорындар өте көп. Және осындай нәтиженің арқасында жыл сайын, тіпті күн сайын біздің өзара тауар айналымымыз артып келеді.

Екі елдің экономикалық ынтымақтастығының тереңдеуіне Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бірлескен жұмыс және кедендік баж салығының алынып тасталуы ықпал еткен.

2018 жылы екіжақты тауар айналымы оның алдындағы жылмен салыстырғанда 10%-ға өскен, деп хабарлайды Қырғызстанның экономика министрлігі. Ал биылғы өсім 12 пайызға тең.

Сарапшылар 2020 жылы бұл үрдіс жалғасатындығына сенімді.

Фото:  ia-centr.ru