Отандық жеңіл өнеркәсіптің өндірістік көлемі артып келеді

Отандық жеңіл өнеркәсіптің өндірістік көлемі биылға межеленген жоспардан  асыра орындалды.  Бұл орайда жылдық көрсеткіш 105 пайызды құрауы тиіс болса, бүгінгі таңда оның мөлшері 120 пайызға жеткен.

Жалпы, 2019 жылдың алғашқы 10 айында ғана 76,2 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Өсім 20 пайыз шамасында. Оның көп бөлігі тоқыма өндірісінің үлесінде. Бұл бағыт саланың тең жартысын құрап отыр. Киім-кешек өндірісінде де 7,5 пайыздық өсім байқалады.

Әзірге жеңіл өнеркәсіп нарық сұранысының 15 пайызын қамтып отыр. Сыртқа 129 млн доллардың өнімі экспортталған. «Қарапайым заттар экономикасы» атты бағдарлама барысында жалпы құны 4,3 млрд теңге болатын 21 жоба қаржыландырылды. Саланы дамыту қамында 2021 жылға дейінгі арнайы жол картасы құрылды. Құжатта 50-ге тарта шара көзделген.

БАХЫТЖАН СӘПИЕВ, ҚР ИИДМ ИНДУСТРИАЛДЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУЫПСІЗДІК КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - «Қарапайым заттар экономикасы» атты  бағдарлама аясында мақта шикізатынан бастап, бірқатар жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Жол картасы аясында оларды 15 пайызға дейін субсидиялау жоспарланған. Дайын өніммен қатар, өндіріске қажетті деген шикізат пен ұсақ-түйек заттарды шығаруды да қолға аламыз. Өзімізде жоқ костюм сынды киім-кешектер тігуге арналған заманауи маталар әзірлейміз.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: zakon.kz