Қазақстан мен Корея елдерінің қарым-қатынасы жаңа деңгейге шықты

Қазақстан мен Корея елдерінің қарым-қатынасы жаңа деңгейге шықты. Қос тараптың әріптестік әлеуетінің көкжиегін кеңейтуде «Самал жел» атты жаңа экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына үлкен сенім артылып отыр. Аталмыш құжатқа өткен сәуір айының соңында Корея Президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстанға жасаған сапары аясында қол қойылғаны белгілі. Онда 2020 жылға дейін 58 жобадан тұратын 10 бағыт бойынша кешенді шаралар қамтылған, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Бағдарлама екі елдің экономикалық қарым-қатынасын жетілдірумен қатар, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет сынды әлеуметтік салалардағы байланысты арттыруды көздейді.

КИМ ДЭСИК, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОРЕЯ ЕЛШІСІ:

 - «Самал жел» бағдарламасын жүзеге асыру үшін екі ел арасында қыркүйек айының соңында бірлескен жұмыс тобы құрылды. Оның аясы кең. Дәстүрлі ауыл шаруашылығынан бастап, мәдени бағытқа дейін жасыл экономика мен заманауи технологияларды дамыту. Мәселен, үстіміздегі айда денсаулық саласы бойынша арнайы топтың отырысы өтті. Онда Қазақстан аумағында диагностикалық орталықтар салу, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру, дәрі-дәрмек өндірісі, сала мамандарын даярлау, озық үлгідегі медициналық қондырғылар орнатуға қатысты келісімдер жасалды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: baigenews.kz