Корея Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі

Корея Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанға ең көп инвестиция салады.

Бүгінге дейін аталған елден жергілікті экономикаға құйылған қаржы көлемі 4 млрд долларды құраған. Бұл аймаққа бағытталған бар корей капиталының 70 пайызын құрайды, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі. 

Қазіргі таңда тараптар арасында жалпы құны 7,2 млрд долларды құрайтын индустриялық-иновациялық 40 жобаны жүзеге асыру көзделген. Ол барлық салаларды қамтиды. Инфроқұрылымды дамыту, мұнай-кен орындарын игеру, өндіріс ошақтары мен тұрғын-үй құрылысы, көтерме және бөлшек сауда бойынша жаңа бастамалар қолға алынбақ. Алматы қаласының айналмалы тас жолын төсеуге корейлік компания тартылмақ. Көп ұзамай бірлескен көлік жинау зауытын ашу жоспарда бар.

КИМ ДЭСИК, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОРЕЯ ЕЛШІСІ:

 - Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласындағы байланыс нығайып келеді. Бұған қоса инфрақұрылымдық құрылыс жобалары қарқын алуда. Қазір осыған күш салынып жатыр. Соңғы кездері Қазақстан табиғи қорларды сақтау, ресурс үнемдеу және энергетика саласында тиімді қуат көздерін ашуға көп көңіл бөліп келеді. Сондықтан алдағы уақытта Корея компаниялары осы бағыттар бойынша инвестиция салуға ниет танытып отыр.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: kazakhnews.kz