Қазақстандық шарап өндірушілер Қытай нарығына шықты

Қазақстандық шарап өндірушілер Қытай нарығына шықты. Жетекші отандық кәсіпорындардың бірі өз өнімін аспан асты еліне тасымалдауды бастап кетті. Мақсат – экспорт көлемін арттыру. Қазақстанда шығарылатын шарап түрлері бүгінде Ресей және Еуропа мемлекеттерінде үлкен сұранысқа ие екенін айта кету керек, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

ДАНА КҰРМАНҒАЛИЕВА, ШАРАП ӨНДІРУШІ КОМПАНИЯНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

– Өзіміздің дәстүрлі шарап түрлерін ұсынып отырмыз. Оның екеуі негізгі болса, төртеуі классикалық үлгіде жасалады. Және қор классындағы шараптар. Жалпы Қытай нарығына 10 түрін шығаруды көздеп отырмыз.

Отандық зауыттың техникалық үрдісі әлемдік стандарттарға толықтай жауап береді. Мұнда заманауи қондырғылар орнатылған. Әрине өнімнің сапасы шікізатқа да тікелей қатысты болады, дейді мамандар. Сондықтан да жүзім сұрыптарын таңдау жағына үлкен көңіл бөлінеді.  

АННЕМАРИ ФОЙДЛ, АВСТРИЯЛЫҚ СОМЕЛЬЕ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ  ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Менің ойымша, бұл өнімдер қытайлық тұтынушының көңілінен шығуы тиіс. Өйткені, білуімше мұндай сусын түрлері олардың қалауына сай келеді. Ал жүзімнің рислинг сортынан жасалған шарап түрлеріне келетін болсақ, қытайлық әуесқойлар оның қышқылдығын аса жақтырмайды. Ал қазақстандық түрінің дәмі аса қышқыл емес.

Қазақстандық кәсіпкерлер қайта жаңғыртылған Ұлы Жібек жолы жобасына үлкен сенім артып отыр. Оның арқасында экспорттың әлеуетін арттырып, географиясын кеңейту көзделген. Жергілікті өндірушілер төл өнімінің дәмін мейлінше көбірек таныту арқылы жаңа нарықтарға жол ашуға мүдделі.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: elitar.kz