30-ға жуық қазақстандық кәсіпорын Қытайда өткен халықаралық көрмеге қатысты

30-дан астам қазақстандық кәсіпорын Қытайдың Шанхай қаласында өтетін «Импорт Ехро 2019» II халықаралық көрмесі қонақтарының назарына өз өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында аспан асты елінің нарығымен жақсы таныс отандық компаниялар бар.

Мәселен, жылына 1 млрд литр табиғи шырын мен сусын өндіретін мына зауыттың Орталық Азия және Ресей еліне тауар тасымалдап жүргеніне 10 жылдың жүзі болған. Ендігі кезекте Қытайға жөнелтілетін экспорт көлемін арттыру көзделген.

ИВАН ПИРОГОВ, ТАМАҚ ЖӘНЕ СУСЫН ӨНДІРУШІ КОМПАНИЯНЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ ДАМУ БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз өзіміздің брендті Қытай елінің аумағында дамытуға мүдделі бірқатар әріптестерімізбен жөнелтілім талаптары бойынша келіссөздер өткізуді жоспарлап отырмыз. Шығарылатын өнімдеріміздің дені қантсыз жасалады. Олардың көп бөлігіне 3 жасқа дейінгі балаларға беруге рұқсат етілген Қазақ тағамтану Академиясының сертификаты берілген.

Көрмеге қатысуға 200-ден астам қазақстандық кәсіпорыннан өтінім келіп түскен. Олардың ішінен үздік деген 30-ы іріктеліп алынды.

НҰРӘЛІ БӨКЕХАН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Соңғы 5 жылда қазақстандық өнімдердің 17 түріне Қытайдың ішкі нарығы ашылды. Бұл – жергілікті кәсіпкерлері үшін үлкен мүмкіндік.

СЕРІК КҰСАЙЫНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ МЕТРОЛОГИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

 - Қытайдың заңнамасы өте қатаң. Қытай мемлекетінің өздерінің саясаты бар. Мына импорт тауарлары келгенде өте сын көзбен қарайды. Сондықтан Қытайға тауар өткізу өте қиын.

Бұл орайда еліміздің экспорттаушы компанияларына қолдау көрсетіледі. Стандарттау орталығында аспан асты еліне тауар тасымалдаудың ережелері түсіндіріледі. Жыл соңына дейін әрбір тауар түріне қойылатын талаптардың тізімі жасалады.

Сарапшылардың айтуынша, отандық тауарлардың Қытай нарығына кіруі Қазақстанның Орталық Азия аумағындағы жетекші табиғи өнім шығарушы ел екенін айғақтайды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: votpusk.ru