«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына 421 млрд теңге қаржы бөлінеді

Алдағы 5 жылда  ел экономикасының үштен бірінен астамы шағын және орта кәсіпкерлікке тиесілі болады. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы алдына осындай міндет қойылып отыр.

Үкіметте аталмыш жобаны жүзеге асыру барысы талқыланды. Бұл мақсатқа 421 млрд теңге бағытталмақ. Қаржыландыру өткен 5 жылдықпен салыстырғанда 1,5 есеге дейін ұлғаяды.

Нәтижесінде жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 35%,  өңдеуші өнеркәсіптің үлесін 13,4%-ға жеткізу межеленген.

Жаңадан әзірленген  жоба аясында өз ісін ашуға ниеттілер үшін әкімшілік кедергілер төмендетіліп, рұқсат беру құжаттарының тізімі қысқарады. Бұған қоса, жеке кәсіптің іргесін кеңейтуге арналған ынталандыру шаралары күшейтіледі. 

РУСЛАН ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Бірінші, айналым қаражатын несиелеу көлемі 60-тан 360 млн теңгеге дейін ұлғаяды. Екінші, несиелеудің қолжетімділігі арттырылуда. Бұл үшін микроқаржы ұйымдардың несиелерін субсидиялау және кепілдендіру енгізіледі. Үшінші, кәсіпкерлерге жұмыспен қамту және салық түсімдерін арттыру талабы жетілдірілді. Төртінші, кәсіпкерлерді әр сатыда сүйемелдеу күшейтіледі. Бұл оқыту, несие және қолдау алу үшін тиісті құжаттарды дайындау және тауарларды өткізу жолдарын ұйымдастыру.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: ottenlawfirm.com