Қазақстан Әзербайжанға астық экспортын ұлғайтты

Биылғы жылдың 9 айында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 183 млн доллар шамасында. Оның ішінде қазақстандық экспорт 22 процентке артқан. Оның төрттен бірін бидай өнімдері құрайды.

Биыл Әзербайжан елі Қазақстаннан 58,5 млн долларға бидай сатып алды. 

СААДАТ ГАДЖИЕВА, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:

-  Қазақстан – Әзербайжанның ауылшаруашылығы саласындағы негізгі серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы сауда қатынасының негізгі бөлігін бидай өнімдері құрайды. Атап айтқанда, 2019 жылдың алғашқы 9 айында Қазақстаннан Әзербайжанға 265 мың тонна бидай импортталды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30 процентке көп. Мәселен, былтыр ел аумағына 204 мың тонна бидай жеткізілген еді.

Экономикалық ынтымақтастықтың барлық салаларында оң үрдіс байқалады. Өзара сауда айналымы тек ауыл шаруашылығы өнімдерімен ғана шектелмейді. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен мұнай-газ жабдықтары да бар. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, екі елдің тауар айналымы одан әрі арта түседі, дейді мамандар. 

ЭЛЬШАД МАМЕДОВ, ЭКОНОМИСТ:

 - Жақын арада біз Қазақстанмен экономиканың жоғары технологиялы саласында да ынтымақтастық орнатамыз деп сенемін. Бүгінде бұл салада әлемдік экономикада өсім өте жоғары. Егер осы бағытта қарқынды жұмыс істесек, екі ел арасындағы сауда айналымы 1 млрд доллардан асып-жығылуы әбден мүмкін.

Тараптар енді кәсіпкерлер арасында азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс пен туризм салаларында байланыс орнатуды да көздеп отыр. Осы мақсатта екі ел аумағында сауда үйлерін ашу жоспарланған. Мамандардың пікірінше, Қазақстан да, Әзербайжан да сауда қатынасын нығайтуға барынша күш салуы тиіс.

Фото: minval.az