Елордада «UMAY Business Day 2019» іскерлік кездесулері өтті

Елордада «UMAY Business Day 2019» іскерлік кездесулері өтті. Жиында жеке кәсібін ашуға бел буған нәзік жандылар тәжірибелі бизнесвумендермен жүздесіп, кәсіби кеңес алды.

Өз ісін бастауға ниет танытқандармен шеберлік бөліскен белсенді азаматшалар – «UMAY Boost» әйелдерді кәсіпкерліктің қыр-сырына оқыту жобасының қатысушылары.

Тегін түрде өтетін жоба бизнес бастағанына кемінде үш және түрлі жобаларға жетекшілік етуде бес жылдық тәжірибесі бар кәсіпкерлерді қамтып отыр. Бүгінге дейін оқу бағдарламасына екі топ іріктелген.      

МАХАББАТ СӘДУАҚАСОВА, ЖОБА ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

 - Біздің кәсіпкерлік негіздеріне үйрететін бағдарлама тек бизнес тренингтермен шектелмейді. Сондай-ақ психологиялық тұрғыда қолдау көрсетіледі. Топ мүшелері бір-бірімен тәжірибе алмасып, өздеріне ментор да, психолог та болады. Алдағы қараша айының соңында үлкен саммит өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда барлық қатысушылар оқу бағдарламасының нәтижелері және оның бизнеске қосқан үлесі жөніндегі ойларымен бөліседі.   

Фото: Facebook