9 ай ішінде Қазақстан экономикасының өсімі 4,3% құрады

Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстан экономикасының өсімі 4,3% құрады. Әсіресе, құрылыс, сауда, көлік, өңдеу өнеркәсібінде, оның ішінде машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, мұнай өңдеу және байланыс қызметтерінде оң динамика байқалады. Бұл туралы үкіметтің отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Даленов мәлімдеді. Сонымен қатар сыртқы сауда айналымы да арта түскен. Бүгінде ол 62,1 млрд долларды құрап отыр. Ал 2019 жылдың қорытындылары бойынша, көрсеткіштер 96-97 млрд доллар деңгейінде болады деп күтілуде.

РУСЛАН ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Негізгі көрсеткіштер бойынша, өңірлердің көбінде өсімнің оң серпіні байқалады. Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Павлодар облыстары жоғары өсуді 4 көрсеткіш, ал Атырау облысы 3 көрсеткіш бойынша көрсетіп отыр. 

Сондай-ақ Үкімет отырысында егін жинау науқанының нәтижелері де қарастырылды. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров атап өткендей, бүгінгі күнге дейін дәнді дақылдардың жалпы алаңынан 15 млн гектардан астам өнім жиналып, 19 млн тоннадан астам астық бастырылған.

САПАРХАН ОМАРОВ, ҚР АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

 - Бұл ретте экспорттағы бағыттарды кеңейту бағытталған өткен жылғы стратегиядан ағымдағы жылдың экспорттық стратегиясы өзгеше болады. Бұл маусымда негізгі мақсат – Орталық Азия елдері, Ауғанстан және Иран тәрізді дәстүрлі өткізу нарықтарындағы қазақстандық астықтың орнын сақтап қалу болып табылады.