Қазақстан мен Моңғолия Жол картасы әзірлейді

Қазақстан мен Моңғолия арасында сауда-экономикалық әріптестікті арттыру жөніндегі Жол картасы әзірленеді. Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Моңғолия премьер-министрімен кездесуінде осындай бастама көтерілді. Тараптар өзара тауар айналымын одан әрі арттырудың маңыздылығына да тоқталды. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 80 млн долларға жетті. Бүгінде Моңғолия нарығына қажетті, Қазақстаннан жеткізілетін 100 әлеуетті тауардың тізімі әзірленген. Келіссөздердің нәтижесі бойынша үкімет басшылары 7 құжатқа қол қойды.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Моңғолиямен сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға аса назар аударамыз. Біздің ортақ мақсатымыз – екі-жақты сауда көлемін арттырып, экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру. Осы бағытта біз сауда-экономикалық байланыстардың жаңа бағыттарын, әсіресе, көлік-логистика мен ауылшаруашылығы өнеркәсібі салаларындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға дайынбыз. Қазақстан мен Моңғолияның сауда-экономикалық байланыстарын жандандыру мақсатында және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайтын екіжақты жол картасын әзірлеуді ұсынамын.

Фото: Казинформ