Қазақстанның шикізаттық емес экспортының көлемі 2022 жылға қарай 1,5 есеге ұлғаяды

Қазақстанның шикізаттық емес экспортының көлемі 2022 жылға қарай 1,5 есеге ұлғаяды. Бұл мақсатқа жету үшін отандық брендтердің танымалдығын арттыру қажет, дейді сарапшылар. Жалпы бүгінде республика әлемнің 120 еліне 800-ден астам тауар түрін жеткізеді. Экспорттық әлеуеттің өсуіне қабылданып жатқан мақсатты шаралар ықпал еткен. Мысалы, мемлекеттік қолдаудан басқа, елімізде көрме-байқаулар өткізіледі. Ең сапалы деген өнімдерді сол жерден көруге болады. Осындай көрменің бірі елордада 153 отандық компанияның басын қосады. Көрмеге тоқыма мен киім, құрылыс материалдары мен медициналық препараттар, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар мен басқа да қажетті отандық өнім өндірушілері жиналды

САЛТАНАТ ӘБДІКӘРІМОВА, «АТАМЕКЕН» ҚР ҰКП ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМАЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Экспорттың негізгі бөлігі көрші елдердің үлесіне тиесілі. Мысалы, біздің азық-түлік өнімдеріміз Ресейде үлкен сұранысқа ие. Оған қоса, біздің тағамдарға Қытайдан тапсырыс елеулі түрде өсіп келеді. Сондай-ақ қазақстандық ұнды Тәжікстан жақсы сатып алады. Бұрынғы кеңестік мемлекеттермен бірге, біздің тауарлар шетелдерге көптеп жеткізіледі. Қазір біздің кәсіпорындарымыз өндіретін өнімдерінің басым бөлігін экспортқа жөнелтіп отыр.

Фото: kapital.kz