ЕҚҚДБ баламалы энергия көздерін дамыту үшін Қазақстанға 300 млн еуроға дейін қаражат бөледі

Қазақстандағы ЖЭК жобалары халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан үлкен қызығушылық тудырады.

Атап айтқанда, Еуропалық Қайта Құру және Даму банкі баламалы энергия көздерін дамыту жөніндегі өңірлік көшбасшы ретінде елді қолдау үшін 300 млн еуроға дейін бөледі.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Қазақстанда жалпы қуаты 900 мегаватт болатын ЖЭК нысандары іске қосылды. Тек осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, көрсеткіш шамамен 700 мегаватты құрады.

Сарапшылардың айтуынша, көп жағдайда сектордың дамуына қолайлы инвестициялық ахуал мен заңнамалық база әсер етеді.

АРМАН ҚАШҚЫНБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГЕТИКА ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазір Қазақстанда жалпы қуаты 900 мегаваттан астам салынған және іске қосылған 70-80 жоба іске асырылды. Өткен жылы тағы 30 компания аукционды жеңіп алған болатын. Биылғы жылы да жеңімпаздар саны көп. Егер әзірленіп жатқан жобалар мен дайын жобаларды жинақтасақ, онда олардың жалпы саны Қазақстанда 100 бірлік болады.

Фото: physicsworld.com