Қазақстан мен АҚШ энергетика және АӨК саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен энергетика және агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Өткен жылы 16 жетекші америкалық компаниялардың өкілдері республикамыздағы бірлескен жобаларға инвестиция салуға дайын екендіктерін білдірген болатын.

ДЭВИД ХЕЙЛ, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫНЫҢ САЯСИ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Америкалық бизнес Қазақстанға үлкен қызығушылық танытуда. Біз мұнда біршама уақыттан бері инвестиция салып келеміз. Ынтымақтастық салалардың қатарында авиация, денсаулық сақтау, туризмді айтуға болады. Бұл салаларда үлкен әлеует бар деп ойламын. Біз елдеріміз арасындағы қатынастардың кеңейіп, қарым-қатынастардың нығая түскенін көргіміз келеді.

Жалпы ынтымақтастық жылдарында АҚШ Қазақстан экономикасына шамамен 50 млрд доллар инвестиция салған. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, АҚШ инвестицияларының көлемі 2018 жылы рекордтық деңгейге жетіп, 5 млрд 340 млн долларды құрады. 

ДЭВИД ХЕЙЛ, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫНЫҢ САЯСИ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ұлы Жібек жолының бай тарихын, оның кең географиясын барлығымыз білеміз. Сондықтан бұл – стратегиялық маңызды аймақ. Бұл жерде таңдау мәселесін бірінші орынға қою керек. Біз Қазақстанның таңдауы маңызды деп санаймыз. Мәселен, мемлекет тек бір елден инвестиция тартуды қарастырмайды. Елдеріңіз бірнеше елдермен экономикалық тұрғыдан ынтымақтастық  орнатқан.

Фото: Казинформ