Қазақстан Ресей аумағындағы өзендермен жүк тасымалының көлемін арттырады

Қазақстан Ресей аумағындағы өзендермен жүк тасымалының көлемін арттырады. Нәтижесінде екі ел арасындағы тауар айналымы да ұлғаяды, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Бұған Еуразия экономикалық одағы елдерінің кеме қатынасы туралы келісімінің күшіне енуі өз септігін тигізбек. Құжатқа үстіміздегі жылдың бірінші ақпанында Алматы қаласында өткен Еуразия үкіметаралық кеңесінде қол қойылған. Қазақстан көлік одағы өкілдерінің айтуынша, келісімнің арқасында Ресейдің су жолдарымен өтуге берілетін рұқсаттарды алу мерзімі қысқарады.  Бұрын бұл жұмысқа 6 айға дейін уақыт кететін.

ЕРЛАН АБСАТОВ, ҚАЗАҚСТАН КӨЛІК ОДАҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Кеме қатынасы туралы келісімде шешімді уәкілетті орган қабылдайтыны туралы келістік. Және шешім 10 күн ішінде қабылданады. Яғни рұқсат алу тәртібі едәуір оңтайландырылды.

Сарапшылардың айтуынша, бірінші кезекте, кеме қатынасы туралы келісім трансшекаралық Ертіс өзені мен Орал-Каспий бассейнінде жүк тасымалының көлемін едәуір ұлғайтуға жол ашады.

ЕРЛАН АБСАТОВ, ҚАЗАҚСТАН КӨЛІК ОДАҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Болжамға сәйкес, 2023 жылға қарай Орал-Каспий бассейніндегі жүк тасымалының көлемін 55 мың тоннадан 350 мың тоннаға дейін артады. Ал Ертіс өзенімен Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалы қазір 500 мың тоннаға жуық. Транзиттік мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Ресейден Ертіс өзенімен Қытайға жүк ағынын тағы 500 мың тоннаға дейін ұлғайтпақпыз. Сондай-ақ біз Обь өзенімен Карск теңізіне шыға аламыз.

Сондай-ақ келешекте Қара және Жерорта теңіздеріндегі айлақтарға дейін жүк көлемін 300 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Бүгінде Еуразия экономикалық одағына мүше елдер келісімнің күшіне енуі үшін мемлекетішілік процедураларды өткізуде.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: kazlenta.kz