2020 жылы Қазақстан 7 млн тонна астық пен ұн экспорттамақ

Келер жылы Қазақстан 7 млн тонна астық пен ұн экспорттамақ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, қазір елімізде жиналған астықты тасымалдау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте логистиканы дамытуға баса назар аударылып, шұғыл мәселелерді шешумен айналысатын штаб құрылды. Бүгінде ел өңірлерінде астық жинау науқаны басталды. Ведомствоның мәліметінше, ауыл шаруашылық тауар өндірушілер 4 млн гектар алқап шабылды. Бұл жалпы өңірлердегі егістік далаларының 32%-ға жуығын құрайды. Айта кетейік, отандық астық, көбінесе Ресей, Қытай, Иран және Орталық Азия мемлекеттеріне шығарылады.

РИНАТ АҚБЕРДИН, «АЗЫҚ-ТҮЛІК КЕЛІСІМ ШАРТ КОРПОРАЦИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Қазақстандық астықты, ұнды Қытайға жеткізу көлемі жыл сайын артып келеді. Егер сандық көрсеткіштерге көз жүгіртетін болсақ, 2016 жылы экспорт 300 мың тоннаға жуықты құраған. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш ұлғайып, 600 мың тоннаға жеткен. Сонымен қатар қазір компания бұрынғы келісімшарттар бойынша астықты сыртқы нарықтарға өткізуде. Оның үстіне, 2020 жылы астық жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Фото: ikar.ru