Сыр өңіріндегі суармалы жер көлемі 2022 жылға дейін 300 мың гектарға жеткізіледі

Ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісін 4,5 есе арттыру. Суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен 3 миллион гектарға жеткізсек, осындай көрсеткішке қол жеткізуге болады.  Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында мәлім етті. Сыр өңіріндегі суармалы жер көлемін 2022 жылға дейін екі есеге арттырып, 300 мың гектарға жеткізу көзделген.

ҚАЙРАТ ЖАНСҰЛТАНҰЛЫ, ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

-  300 мың гектарға жеткізу үшін біз жаңадан 96 мың гектар жерді енгізетін боламыз. Бұл жаңа жерлер болғандықтан, бұларға жаңа каналдар қазылады, тамшылатып суару, жер асты суын пайдалану, коллекторлардағы суды қайта пайдалану арқылы осы көлемге жетсек па деген міндетіміз бар алда.

Бүгінде мамандар Сырдария өзенінің суына тәуелсіз жаңа шешімдер ойлап тапты. Сыр өңірінің басты дақылы күріш көлемін қазіргі деңгейде сақтай отырып, ауыспалы егістіктің де әлеуеті көтеріледі. Бұл ретте суды аз қажет ететін мақсары, бидай, түйежоңышқа, соя, қантқұмайы секілді дақылдарға басымдық берілмек. Аталған дақылдар біріншіден – малға азық болса, екіншіден – жердің құнарын арттырады.

БАҚЫТЖАН ДҮЙСЕМБЕКОВ, Ы. ЖАҚАЕВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ КҮРІШ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЗИ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.А.:

 - Бұлар топырақтағы тұзды өзіне сіңіреді, әрі бұл тұзды жерге төзімді, екіншіден топырақты қалпына қайтып келтіреді. Яғни екінші жылы бұл өсімдіктерді фитомилераттық өсімдіктер деп атаймыз. Өйткені бұларды жермен бірге көгін жыртатын болсақ, бұл сидератқа айналады да, яғни ол жердің биорганикалық қалпын өзгертіп, қарашірінділер көбейіп, топырақтың құнарлығы артады.

Суару каналдарын тазалау, гидроқондырғыларды жаңалау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарыла бермек. Тозған немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді қайта қалпына келтіру бойынша да жүйелі жоспар жасалған.

ЖОРАБЕК НҰРЫМБЕТОВ, «ҚАЗСУШАР» РМК ӨНДІРІСТІК УЧЕСКЕ БАСТЫҒЫ:

 - Сыр елі бойынша сол 3 жоба іске асқан кезде 187 мың гектар жер қайтадан қалпына келтіріледі. Бұған Дүниежүзілік банкі, Азия даму банкінен 164 млрд теңге қаржы бөлінгелі отыр. Дәл осы жұмыстар іске асқан кездегі Қызылорда облысының ауылшаруашылығының дамуына біріншіден 30-40 поцентке дейін оң әсерін тигізсе, екінші 25-30 процентке дейін суды үнемдеуге болады.

Қызылорда облысында Президент Жолдауында айтылған суармалы жерлер көлемін арттыруға қатысты бірқатар шаралар әзірленді. Олардың қатарында Сырдария өзенінің Шиелі және Қараөзек тұсынан екі су реттегіш қоймасын салу мәселесі де бар. Бұл өңірдегі суармалы жерлерді вегетациялық кезеңде 110 мың гектар сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Фото: Хабар 24