Нұр-Сұлтан: Инвесторларды және жобаларды қолдау

Жеңілдіктер, преференциялар, дайын инфрақұрылым, қаржылық қолдау. Қазақстан елордасында инвесторлар мен кәсіпкерлерге осындай қолайлы жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, мұндай шаралар арнайы экономикалық аймақтар аумағында қарастырылған. Мұнда кәсіпкерлерге қолдау көрсету шеңберінде идея пайда болған сәттен бастап жобаны іске асыруға дейін сүйемелдеу қолға алынған, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Бұл ретте, ең алдымен, инновациялық ұсыныстарға басымдық беріледі. Мысалы, бұл генетикалық зертхананың республикада теңдесі жоқ. Мұндағы мамандар емделмейтін ауруларға бейімділікті анықтауға көмектесетін зерттеулермен айналысатын болады. Аталмыш жобаға шетелдік инвесторлар қолдау көрсеткен. Инвестиция көлемі – 3 млн доллар.

ЕРНАЗАР РАШАТБЕКҰЛЫ, ГЕНЕТИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Біз қазір кардиохирургиялық орталықпен байланыс жасап, ол кісілермен келісімсөз жүргізіп жатырмыз. Яғни жүрек ауруына душар болған кісілердің операция жасағаннан кейінгі дәрілерді қолдануға жасалатын анализдерді біз осы лабораторияда болашақта жасайтын боламыз. Және де сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз.

Ал бірегей ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығарумен айналысатын отандық компания арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының тізіміне енуді көздеп отыр. Жоба әзірлеушілері жеңілдіктер мен салықтық преференциялардан басқа, мұнда өзінің өндірістік желісін кеңейтіп, жаңа өткізу нарықтарын таба аламыз деген үмітте.

МАДИЯР СМАҒҰЛОВ, ДРОНДАР ӨНДІРУ ЖӨНІНДЕГІ КОМПАНИЯНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеде ұшқышсыз ұшу аппараттары қызметінің құны шамамен 6 млрд долларды құрайды. 2025 жылға арналған болжам шамамен 65 млрд долларды құрайды. Яғни Қазақстанда да, жалпы әлемде де бұл саланың әлеуеті зор екені анық.

Осылайша, арнайы экономикалық аймақтар қала экономикасына салынған қаражат көлемін арттыруға, өндірістердің экспорттық әлеуетін еселеуге қолайлы жағдай жасап отыр.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: zakon.kz