Қазақстандық кәсіпкерлерді қолдау

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылдан бастап бизнеске салықтық жүктемені азайтып, 3 жыл көлемінде тексерулерден босату туралы пәрмен берді. Мұндай шаралар кәсіпкерлерге аяқтарына нық тұрып, тұрақты даму жолына түсуге жағдай жасайды, дейді сарапшылар. Салықтық демалыс және түрлі тексерістерге шектеу бойынша Президенттің бастамасы әсіресе, ісін жаңа бастаған іскерлерге ерекше қолдау болмақ.

МАКСИМ БАРЫШЕВ, КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

 - Алынып тасталатын негізгі салық жеке кәсіпкерлерге қатысты, бұл – олардың жеңілдетілген режим бойынша төлейтін 3 пайыздық салығы, сондай-ақ патент бойынша жұмыс істейтіндер төлейтін 1-2 пайыздық салық бар. Міне, осылар 3 жылға алынады. Меніңше, жеке кәсіпкерлердің саны сол қалпы қалады. Бірақ сапалық жағынан жақсару болады. Кәсіпкерлердің белсенділігі артып, 3 жылдан кейін бәсекеге қабілетті бизнес қалыптасады.

Жалпы кез келген мемлекетте кәсіпкерлік елдің негізгі тірегі саналады. Мысалы, дамыған елдерде шағын және орта бизнестің Жалпы ішкі өнімдегі үлесі 70-80 пайызға жетеді. Әрине, бизнес деген – ол бәсеке. Ал сол бәсекеде табысқа жету үшін сапалы әрі қолжетімді өнім шығару керек.

РАХМАН АЛШАНОВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

-  Қаскелеңде балаларға арналған памперс шығаратын өндіріс бар. Барлығын Ресей алып кетіп жатыр. Сол сияқты Өзбекстан, Қырғызстан да құр қалмай, сатып алуда. Жақсы өнім шығаратын болсаңыздар, бағасы дұрыс болатын болса ешқандай кедергі жоқ.

Сарапшылардың айтуынша, микро, шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстардың көбеюі, ішкі нарықты қамтамасыз етуге жұмыс істеу, өнімді сырт елдерге жеткізу бойынша уағдаластықтарға қол жеткізу сынды жағдайлар септігін тигізері анық.

Фото: ideanomics.ru