Ақтауда Өзбекстанның бас консулдығы ашылды

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы жыл соңына дейін 4 млрд долларға жеткізілмек. Экономикалық байланыс пен достық қарым-қатынасты нығайту шараларымен Ақтауда ашылған Өзбекстанның бас консулдығы айналыспақ. Дипломатиялық кеңсе үшін Ақтаудың таңдалуы бекер емес. Бұл – Өзбекстан үшін Еуропа елдеріне шығатын ең қысқа жол. Жуырда «Бейнеу-Өзбекстан шекарасы» автомобиль жолы ашылып, көрші елдің тауарлары қазақтың теңіз порттары арқылы өзге елдерге тасымалдана бастады. Инвесторлар мен кәсіпкерлер енді қажетті құжаттарын рәсімдеу үшін алысқа сабылмай, жақын жерден реттейтін болды.

САИДИКРАМ НИЯЗХОДЖАЕВ, ӨЗБЕКСТАННЫҢ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Ақтау – Қазақстанның теңіз қақпасы. Теңіз арқылы жүк тасымалы осы жер арқылы өтеді. Сонымен қатар Қазақстан – өзбек тауарлары үшін өзге елдерге шығуға мүмкіндік беретін ең қысқа жол. Басты міндеттердің бірі Өзбекстанның шекарасындағы өткізу пункттерін модернизациялау болмақ. Тауарлар мен жолаушылар ағыны артып, инвесторлар келе бастайды. Әрине біздің бас консулдығымыз осы бағытта жұмыс істейді.

Фото: inform.kz