Шағын және орта бизнесті қолдау

Шағын бизнесті 3 жылға дейін салықтық жүктемеден босату және кәсіпкерлік нысандарын тексеруге шектеу қою. Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтып өткен бастамалар кәсіпкерлікті өркендетуге, кеңінен қанат жаюына жол ашады, дейді кәсіпкерлер. Өз ісін қолға алғандардың бірі - Гауһар Өтелбаева. Елорда тұрғыны 12 жылдан бері тапсырыс бойынша ер азаматтарға арналған костюм-шалбар мен сырт киімдер тігеді. Шағын шеберханасында 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал табыс салығын төлеуге мораторий енгізілген соң, ол қаржыны қызметкерлер санын арттыруға бағыттамақ.

ГАУҺАР ӨТЕЛБАЕВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

-  Президент жолдауында табыс салығынан  босату, бизнес нысандарын тексеруге шектеу қою жөнінде естіп, қуанып қалдым.  Салық төлейтін қаражатты өз мақсатымызға жұмсасақ, шаруамыз біраз түзеліп қалар еді. Әсіресе, бұл шағын бизнес иелерінің аяқтарына нық тұруларына көмектеседі. Жаңа құрал-жабдық орнатып, қосымша жұмысшылар алып, мамандар дайындау да жоспарда бар. Оған қоса, кәсіпкерлер саны артады. Одан мемлекет ұтпаса, ұтылмайды. Экономикаға қаржы дәл осы бизнес нысандарынан түседі емес пе?

Президент тапсырмасына сәйкес, микро және шағын бизнес субъектілелеріне тексеріс жүргізуге 3 жылдық мораторий 2020 жылдан бастап жарияланады. Сондай-ақ кәсіпкерлер осы мерзімге табыс салығынан босатылады. Осындай қолдау шаралары көптеген іскерлерді дамуға ынталандырары сөзсіз, дейді сарапшылар.

БАҚТИЯР БӨЛЕУЛИЕВ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 - Мемлекеттік тексерістерден босатылған бизнестің жауапкершілігі арта түседі. Олар өздерінің кәсіпкерлік қызметтерін адал ұйымдастыруға тырысады.

Айта кетейік, Қазақстан басшысы Үкіметке жаңа «Жол картасы» аясында орта және шағын бизнесті қолдауға 250 млрд теңге қаржы бөлуді тапсырды. Әсіресе отбасылық бизнеске басымдық берілмек. Көпбалалы жанұялардың да өз ісін ашуына жағдай жасалмақ. 

Фото: biznesportal.info