Елордада екінші индустриялық парк ашылады

Елордада екінші индустриялық парк ашылады. Алғашқысының аумағы толықтай игерілді. Бұл арнайы аймақта бизнес жүргізуге арналған жағдайлардың қолайлы екенінің айқын дәлелі, дейді сарапшылар. Жаңа индустриялық парктің аумағында автокөлік және тағам өнеркәсібінің жобалары, құрылыс және фармацевтикалық кәсіпорындар, ақпараттық технологиялар мен ғылыми зерттеу саласындағы компаниялар орналасатын болады, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

МҰХТАР ЫБЫРАЕВ, «АСТАНА ТЕХНОПОЛИС» АЭА БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Барлығы қызметтің 26 түрі қарастырылған. Яғни шектеу жоқ. Жоспарланған жобалар жетерлік. Қазір де түсіп жатқан өтініштер көп. Жалпы біз арнайы экономикалық аймақтың аумағында жүзеге асыруға болатын барлық жобаларды қарастырамыз.

Бүгінде елорда аумағында екі арнайы экономикалық аймақ бар. Алғашқысы, қаланың әкімшілік іскерлік орталығын қамтиды. Екінші арнайы экономикалық аймақтың алаңында 9 жоба жүзеге асқан. Оның негізгі бөлігі Назарбаев Университетінің аумағында орналасқан. Дені IT, инженерия, медицина салаларындағы жобалар.  

МҰХТАР ЫБЫРАЕВ, «АСТАНА ТЕХНОПОЛИС» АЭА БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Арнайы экономикалық аймақтың тоғыз қатысушысы – қазақстандық компаниялар. Екеуінің америкалық және қытайлық құрылтайшылары бар. Олар Қазақстан аумағына жаңа технологияларды тартып, біздің еліміздің аумағында дамып жатыр.

Мысалы, коммуналдық және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға арналған бірегей смарт-қосымшаларды, цифрлық шешімдерді әзірлеумен  мына IT-компанияның мамандары айналысады. Кәсіпорын технологиялық парктің аумағында орналасқан. Аймақтың барлық қатысушыларына бұл жерде арнайы жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған.

ЕВГЕНИЙ МАКСИМОВ, ТЕХНОПАРК ҚАТЫСУШЫСЫ:

 - Арнайы экономикалық аймақ бізге көптеген мүмкіндіктер жасап отыр. Орналасу орны ыңғайлы, мамандардың ресурстық базасы мықты, салықтық жеңілдіктер. Міне, осындай жағдайлардың арқасында біз нарықта тіпті шетелдік қосымшалармен де бәсекелесе аламыз.   

Сарапшылардың айтуынша, арнайы экономикалық аймақтағы жобалардың ауқымы әр түрлі. Қала дамуына арналған шағын шешімдерден бастап, шетелден ірі көлемді инвестиция тарту арқылы іске асырылатын өндіріс орындарына дейін. Ең бастысы, жоғарытехнологиялық және инновациялық жобалар болуы тиіс.

Авторы. Айгерім Әкімжанова

Фото: e-history.kz