Өткен жылы Нидерланды Қазақстанға 7,4 млрд доллардан астам қаржы салған

Қазақстанға түсетін барлық тікелей шетелдік инвестициялардың 30%-ы Нидерланды Корольдігінен келеді. Бұл Республиканың ең ірі инвесторы болып табылады. Өткен жылы ғана бұл еуропалық ел Қазақстанға 7,4 миллиард доллардан астам қаржы салды, деп хабарлайды Kazakh TV арнасы.

Инвестицияның негізгі бөлігі мұнай-газ секторына тиесілі, бірақ Нидерланды дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Нора Дессингтің айтуынша, голландиялық компаниялар өз инвест-портфелін әртараптандырып, ауыл шаруашылығы секторына назар аударуды жоспарлап отыр.

НОРА ДЕССИНГ, НИДЕРЛАНДЫ КОРОЛЬДІГІ МИССИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз ауыл шаруашылығы нарығын әртараптандыру Қазақстанға өте қызықты екенін көріп отырмыз және бұл болашақта жақсы өтелетін болады. Голландиялық компаниялар тарапынан Қазақстанға үлкен қызығушылық бар. Сондай-ақ голландтық технологиялар мен өнімді сатып алғысы келетін жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілері тарапынан да үлкен қызығушылық бар. Оған жылыжайлар, тұқымдар, салқындату жүйелері, жемістер, құс еті, жалпы агросектордың ішінде кең спектр кіреді.

Нидерланды Корольдігі – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша әлемде екінші орын алатын шағын мемлекет. Қазақстан голландиялық технологияларды белсенді түрде қабылдай бастады. Мысалы, елдегі ең ірі Макинск құс фабрикасы нидерландтық тәжірибені ескере және олардың технологияларын пайдалана отырып салынды.

НОРА ДЕССИНГ, НИДЕРЛАНДЫ КОРОЛЬДІГІ МИССИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ынтымақтастықтың тағы бір болашағы бар саласы – тұрақты даму болып табылады. Қазақстан жаһандық трендтерге сәйкес келеді және де оған үлкен қызығушылық танытады. Маңызды сала – қалдықтарды өңдеу. Ал бұл тұрғыда Нидерландыда үлкен тәжірибе бар. Біз кішкентай ел болғанымызбен, халқымыздың саны көп. Бүгінгі таңда біз қалдықтарымыздың 90%-ына дейін өңдейміз.

Басшының орынбасары Нора Дессингтің айтуынша, екі елдің ынтымақтастығы одан әрі дами түсуі үшін үлкен әлеует бар. Яғни болашақта Қазақстан мен Нидерландының өзара ынтымақтастығы тек нығая түспек.

Авторы: Ақзер Сегізбава

Фото: 365info.kz