Германия Қазақстанға соңғы 12 жыл ішінде 9 млрд доллар шамасында инвестиция салған

Германия – Қазақстанның басты экономикалық серіктестерінің бірі. Өткен жылы екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 5 млрд доллардан асып түскен.

Мұнымен қатар, экономикаға салынған инвестиция да артып келеді. Соңғы 12 жыл ішінде Қазақстанға Германиядан тікелей тартылған инвестиция көлемі 9 миллиард доллар шамасында. Инвестицияның 90 пайызынан астамы шикізаттық емес салаға құйылды. Атап айтсақ, ол – көлік құрастыру, қайта өңдеу мен химия өнеркәсібі. Алдағы уақытта қос тарап ынтымақтастықты одан әрі нығайтпақ ниетте.

ХАЙКО МААС, ГЕРМАНИЯ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Алдағы уақытта саясат, экономика және мәдениет салаларындағы берік орнаған екіжақты ынтымақтастықты нығайта түспекпіз. Қазақстан – біз үшін Орталық Азиядағы ең маңызды серіктес. Жалпы Еуропа үшін аталған аймақтың маңыздылығы жыл санап артып келеді. Оған 2 ай бұрын Еуроодақтың осы аймаққа қатысты қабылдаған жаңа стратегиясы дәлел.

Сонымен бірге тараптар логистика, баламалы энергия мен цифрландыру салаларында өзара тиімді серіктестікті жалғастыруды көздеп отыр.

МАНФРЕД ГРУНД, БУНДЕСТАГ ДЕПУТАТЫ:

 - Жалпы Қазақстан – Еуропа мен Азияны жалғап тұрған көпір іспетті. Ал Германия үшін Қазақ елі өте маңызды серіктес. Сондықтан біз экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтқымыз келеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Германия ортақ жол картасын әзірлеп жатыр. Ол туризм, баламалы энергетика салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде қазақ-неміс қатынасын одан әрі тереңдетуге мүмкіндік береді.

Фото: zagranportal.ru