«Астана» ХҚО «жасыл облигациялар» шығарады

Әлем компанияларының «Астана» халықаралық қаржы орталығына қызығушылығы артуда. Соның ішінде биржаның қызметіне сұраныс байқалады. Осы ретте қаржы орталығы «жасыл облигациялар» шығаруға дайындалып жатыр. Олардың сатылымынан түскен қаражат экологиялық жобаларға, энергия тиімділігін арттыруға, жасыл көлік жүйесін дамытуға бағытталмақ. «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовтың айтуынша, бүгінде ұйым қарқынды дамуда. Іске асатын шаралардың қатарында инвестициялық салықтық резиденттілік бар. Бұл – республикаға шетелдік компаниялардың қаржысын тартуға арналған механизм. Ол үшін Салық кодексіне тиісті өзгертулер енгізу жоспарланған.

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, АХҚО БАСҚАРУШЫСЫ:

-  Шетелде «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасына деген қызығушылық артқан. Биыл сәуір айында оған алғашқы шетелдік эмитент – ресейлік тау-кен өндіру компанияларының тобы кірді. Оның акцияларына деген сұраныс таңғалдырды, сауда-саттықтың алғашқы күні инвесторлар 17 млн доллар сомаға компанияның құнды қағаздарын сатып алды. Ұлт жоспарының 73-ші қадамына сәйкес, қаржы орталығының көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Токиомен әуе қақпасы ашылды. Жақында Шанхай, Нью-Йорк, Сингапур қаржы биржаларына әуе бағыттары іске қосылмақ.

Фото: toppress.kz