АХҚО аясында «Болашақтың университеті» ашылады

Білім берудегі тың әдістемелер мен үрдістер. Нұр-Сұлтанда «Астана» халықаралық қаржы орталығының үздіксіз кәсіби даму бюросы базасында «Болашақтың университетін» ашу жоспарланып отыр. Бұл жерде қаржы және инвестиция саласындағы мамандарды даярлаудың ең озық тәжірибелері қолданылмақ, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі. 

Заманауи онлайн-технологияларды пайдаланудың арқасында мамандарды қамтуды айтарлықтай кеңейтілмек. Осылайша, жоғары сапалы білімге тек Астана мен Алматы тұрғындары ғана емес, сондай-ақ республиканың барлық өңірлерінің тұрғындары қол жеткізе алады. Сонымен қатар «Цифрлық университет» тұжырымдамасын жасауға әлемнің үздік студенттері де тартылған. Олардың тарапынан айтылатын ұсыныстар бастамашыларға білім беру саласындағы соңғы үрдістерді ескере отырып, жобаны іске асыруға көмектеседі.

ЕРНҰР РЫСМАҒАМБЕТОВ, «АХҚО ӘКІМШІЛІГІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Келесі жылға бірқатар бастамаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Пилоттық режимде жаңа форматтағы бірнеше мектеп ашпақпыз. Қазіргі күні «Мұғалімсіз мектеп» форматы өте танымал. Онда оқушылар өзара білім алмасады, ойын арқылы жаңа білім меңгере алады. Мұғалімнің компьютері арқылы кейбір тапсырмалар беріледі. Бұл – кең таралған тәжірибе түрі, қазір өте танымал. Бірақ біз әлемде нәтижесін көрсеткен барлық тәжірибелерді көргіміз келеді. Жалпы «Астана» халықаралық қаржы орталығының бюросында ең үздік тәжірибелерді жинақтап, келесі жылдан бастап енгізуді көздеп отырмыз.

Атап өту керек, «Астана» қаржы орталығының үздіксіз кәсіби даму бюросының негізгі міндеті – қаржы секторының мамандарын даярлау. Бұл жерде олар әлемнің жетекші қаржы орталықтары жұмыс істейтін форматта, ағылшын тілінде және халықаралық стандарттарға сай оқытылады.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: proforientator.ru