Шетел компанияларының Қазақстандағы үлесі артып келеді

Қазақстан экономикасында шетелдік инвесторлар саны артып келеді. Әсіресе инвесторлар Қостанай облысының экономикасына қаражат құюда. Бүгінгі таңда мұнда шетелдік кәсіпкерлердің қатысуымен 10-нан аса жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – бірлескен Қазақстан-Қытай трактор зауыты. Қазір инвесторлар дайын машиналарды шығару көлемін арттыруға ниетті. Сонымен қатар автомобиль компоненттерін шығаратын кәсіпорын салу жоспарлануда.

ВУ И, АВТОКӨЛІК ӨНДІРІСІ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ, /ҚХР/:

 - Бұл бірінші кезекте, өндірістің қазақстандық үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жақын шетелдерге экспортты кеңейтуге жол ашылады.

Ресейлік инвесторлардың да жоспарлары ауқымды. Олардың Қазақстанда жүк көліктерінің бөлшектерін шығаратын бір емес екі зауыт салсақ деген ойлары бар. Жоба құны – 300 миллиард теңге.

СЕРГЕЙ КОГОГИН, АВТОКӨЛІК ӨНДІРІСІ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ /РЕСЕЙ/:

 - Бірінші кезекте құю зауытын жобалауға кірістік. Сондай-ақ инженирингтік компаниямен редукторлар зауытын жобалауға қатысты келіссөздер аяқталуға таяу. 2022 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан аумағында екі кәсіпорынды да іске қосу мақсаты тұр.

Трактор өндірушілерінің де болашаққа үлкен жоспарлары бар.

СЕРГЕЙ СЕРЕБРЯКОВ, ТРАКТОР ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз кепілді және сатылымнан кейінгі қызметті жаңа деңгейге көтереміз. Қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету де қарастырылған. Өнеркәсіпті дамыту мақсатында нақты бір бағыттар бойынша технологиялық оқу курстарын ұйымдастырамыз. Сосын тракторларды Қазақстанда құрастыра бастаймыз.

Инвестициялар мемлекет экономикасының өсуінің маңызды факторы болып табылады. Қазақстан Ұлттық Банкінің мәліметі бойынша, өткен жылы тікелей шетелдік капиталдың түсімі 24 млрд доллардан асқан. Енді 2025 жылға қарай жыл сайынғы инвестиция ағынын 34 млрд АҚШ долларына дейін арттыру жоспарлануда.

Фото: lenta.inform.kz