Қазақстан-Пәкістан: Сауда-экономикалық ынтымақтастығы

Қазақстан мен Пәкістан сауда-экономикалық ынтымақтастығын жандандырмақ. Бүгінде Исламабад біздің елмен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән беруде. Әсіресе көлік, сауда, энергетика және инвестициялар саласында. Айта кетейік, бүгінде Пәкістан Қазақстанға фармацевтикалық өнеркәсіп тауарларын, көкөністерді, жеміс-жидектерді, тоқыма өнімдерін жеткізіп, қазақстандық жабдықтарды, трансформаторларды, көмір мен металдарды импорттайды. Ислам Республикасының елшісі Имтиаз Ахмад Қазидің пікірінше, бүгінде екі елдің өзара сауданы арттыруда әлеуеті жоғары. Бұған елдер арасындағы тікелей әуе қатынасын іске қосу одан әрі себеп болуы мүмкін, - деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

ИМТИАЗ АХМАД КАЗИ, ПӘКІСТАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - 2017 жылдан бастап 2018 жылға дейін Пәкістанның экспорты 64 млн долларды, ал импорты 7,8 млн долларды құрады. Ал біздің елдер арасындағы тауар айналымы шамамен 70 млн долларға жуық болды. Биыл ол 87 млн-ға дейін өсті.

Бүгінде Қазақстан «Нұрлы жол» көліктік-логистикалық бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асыруда. Бұл жерде біздің еліміз үшін Гвадар мен Карачи Пәкістан теңіз порттарының қуаттары үлкен қызығушылық тудырады. Бұл – теңізге шыға алмайтын елдер үшін Таяу Шығыс пен Еуропаға жол салу мүмкіндігі.

ИМТИАЗ АХМАД КАЗИ, ПӘКІСТАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Бізде Пәкістан, Қазақстан, Қырғызстан және Қытай арасында қол қойылған келісім бар. Ол «Транзиттік тасымалдар туралы төртжақты келісім» деп аталады. Құжат 2003 жылдан бастап қолданыла бастады. Ал Тәжікстан болса осы келісімге қазір қызығушылық танытуда. Олар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Қазір біз бес қатысушымыз. Мен келісім аясында ынтымақтастықты жандандыруымыз керек деп санаймын. Сондай-ақ біз Пәкістанда, Белуджистан провинциясында Гвадар портын дамытудамыз. Ол Қазақстанға және теңізге шыға алмайтын Орталық Азияның барлық елдеріне жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік беретін болады.  

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде Қытай-Пәкістан экономикалық жобасын іске асыру да болашаққа үлкен жол ашады. Дипломаттың ойынша, бұл бағыттағы ынтымақтастықты жандандыру біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: caravan.kz