Түрікменстан қазақстандық рельстерді сатып алуға ниетті

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы ынтымақтастық арта түсті. Бүгінгі таңда Орталық Азиядағы екі ел ірі экономикалық серіктес болып табылады. Ортадағы сауда жылына орташа есеппен 99 миллион долларды құрайды. Қазақстан өз кезегінде ауылшаруашылық өнімдерін – ұн мен бидай, сондай-ақ кондитерлік тауарлар, мұнай және металл өнімдерін жеткізеді. Түрікмен тарабы, сонымен қатар қазақстандық рельстерді сатып алуға да ниет танытып отыр. 

ДМИТРИЙ ЛОСКУТОВ, АҚТӨБЕ РЕЛЬС-АРҚАЛЫҚ ЗАУЫТЫНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТ БАСТЫҒЫ:

 - Жыл сайын Түрікменстанға 13 мың тонна теміржол қажет. Қазақстандық рельстерді осы елге экспорттау үшін екі жақ бірдей мүдделі. Біздің өнім бәсекеге қабілетті. Тың технология бойынша жасалады. Олардың мықты шығатыны сондықтан. Әрі логистика жағынан өте тиімді.

СЕРДАР ГЕЛЕНОВ, «ТҮРКМЕНСТАН ТЕМІРЖОЛДАРЫ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

 - Қазір біз қазақстандық әріптестерімізбен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жақын арада рельс шығаратын зауытқа барып, онда өндірілетін өніммен етене таныспақпыз. Сол кезде қос тараптың басшылары бір пайымға келіп, келісімге қол қояды деген үміттемін.

Қос тарап орнаған ынтымақтакстықты одан әрі кеңейте түсуге мүделлі. Алдағы уақытта көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және фармацевтика сияқты салаларда қоян-қолтық жұмыс істеуге ниет танытып отыр. Өз кезегінде Түрікменстанның бірнеше кәсіпкері серіктестікке дайын.

НҰРАЛЫ БӨКЕЙХАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Алдын ала келісімдер бар. Ол ең бастысы, көліктер, автобустар. Екіншісінде, рельс. Өйткені Түрікменстан өз теміржолдарын дамытуда.

Бүгінде елімізде бірлескен Қазақстан-Түрікмен кәсіпорындары сәтті жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ мамандар транзит және көлік саласындағы және Қазақстан мен Түрікменстанның мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының болашағы зор екендігін атап өтуде.

Фото: voxpopuli.kz