Қазақстанның ет өнімдеріне сұраныс жоғары

Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерінің, соның ішінде ет экспортының көлемін 2,5 есеге ұлғайтуды мақсат етіп отыр. Сыртқы нарықтарға ет жеткізуді жолға қойып алған ел өңірлерінің бірі – Ақтөбе облысы биыл 4 мың тонна ірі қара және 200 тонна қой етін жөнелтуді жоспар етіп қойған. Бүгінде оның жартысына жуығы орындалған. Ресей, Әзербайжан және Иран елдері негізгі тұтынушылардың қатарында.

ПАНАБЕК БИМҰРАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Бүгінгі күні 2800 тонна жуық ет өнімдерін шығарған болсақ, оның 2200 тоннасы ірі қара еті, 100 тоннаға тарта қой еті экспортталды. Сонымен бірге 200 тонна жуық шошқа еті РФ жөнелтілді.

Түркістан облысында да экспорттық бағыт қарқынды игерілуде. Жыл басынан бері жергілікті кәсіпкерлер 12 мың тоннадан астам етті сырттағы тұтынушыға жөнелткен. Бүгінде облыста 1000 бастан 10 мың басқа дейін арналған 14 ірі мал бордақылау алаңдары бар. Соңғы 7 ай ішінде олар 100 мың тонна ет өнімін өндірген.

ЛАУРА МАМЫТОВА, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

-  Сонымен қатар бізде құс еті де экспортталып жатыр. 1100 тонна құс еті Ресей мен Өзбекстанға шығарылды. Сондай-ақ Еуропа елдеріне 1600 тонна балық еті шығарылды.

Ал Қызылорда облысында төрт түлікті сырт елдерге тірідей сату ісі қарқын алып отыр. Мәселен, өткен жылы 100 бас мүйізді ірі қара мен 300-ге жуық түйе Өзбекстанға, 820-ға жуық қой Иранға экспортталған. Биыл да 300 бас сиыр, 59 бас түйе мен 1600 қой шетелге сатылған. Алдағы уақытта ет өнімдерінің экспортын жүйелі жолға қою үшін аймақта қуаттылығы жылына 5 мың тоннаны құрайтын комбинат салынуда. Көбіне ет өнімдеріне сұраныс Түркия, Араб Әмірлігі, Қытай, Ресей және Иран мемлекеттерінен келіп түседі.  Жалпы  жыл басынан бері қаңтар-сәуір айлары аралығында Қазақстан 7,5 мың тонна ет экспорттаған.

Фото: inbusiness.kz