Еуразиялық даму банкінің Қазақстандағы жобалары

Еуразиялық даму банкінің қазіргі ағымдағы инвестициялық портфелінің бар көлемінің 42% Қазақстанға тиесілі. Халықаралық қаржы институты отандық кәсіпорындардың инфрақұрылымдық даму, энергетика, көлік салаларында қолға алынған ірі жобаларына қолдау білдіруде, - деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

Ауқымды бастамалардың бірі - «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылысы. Жоба Еуразиялық және Қазақстандық қайта құру банктері арқылы бөлінген қаржының есебінен жүзеге асырылып жатыр. Қаржыландыру көлемі 260 млн долларды құраған. Қазір негізгі жұмыстардың жартысынан астамы еңсерілген. Сондай-ақ Еуразиялық даму банкінің қаржылай қолдауына алтын өндірісімен айналысатын отандық кәсіпорындар ие болып отыр. Бұл орайда жобалардың жалпы құны 100 млн долларды құрайды. 

АМАНГЕЛДІ ЕСЕНОВ, ЕДБ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бізде басымдық берілетін салалардың тізімі бар. Ол қатарда инфрақұрылым, жол, көлік энергетика саласының дамуы бар. Қазіргі таңда жаңартылатын энергия көздеріне ерекше мән беріп отырмыз. Арнайы бағдарлама құрылды. Баламалы қуат көздерін қаржыландыру жобасы кеңес мүшелерінің қарауына жіберілді. Осы құжат аясында банк осы саланы қаржыландыру ісіне ден қоятын болады. Сондай-ақ бізді тау-кен өндірісі қызықтырады. Алдағы уақытта агроөнеркәсіптік кешенге де басымдық беріледі деп жоспарланған.

Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Есеновтың айтуынша, қаржыландырылатын жобалар ең алдымен ауқымды және өміршең болуы керек. Халықаралық қаржы институты мемлекеттік-жекеменшік бағытындағы бастамаларды да қолдауға әзір. Олар үшін басты талап – интеграциялық компоненттің болуы.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: inbusiness.kz