Қазақстан астығының Иран және Грузия елдеріне экспорты

Қазақстан экспорттық әлеуетін арттыра түсті. Бүгінгі таңда 120-ға жуық ел  отандық тауарлармен танысып үлгерген. Еліміздің ауылшаруашылық өнімдері әсіресе шетелде үлкен сұранысқа ие. Өткен жылы шамамен 12 млн тонна астық шетелге жөнелтілді. Отандық астықты негізгі сатып алушылардың бірі – Иран елі. Сонымен қатар болашақта Қазақстан Ислам Республикасына 500 мыңнан 1 млн тоннаға дейін ауылшаруашылық өнімдерін жеткізе алады, деп күтілуде.

МОХАММАД ВАНТАПУР, ЭКОНОМИСТ:

 - Біздің елдегі астық тапшылығы Қазақстан есебінен шешіліп отыр. Бұл елден келетін бидайдың сапасы өте жоғары. Қазақ елінен біз жүгері де сатып аламыз. Елімізде бұл өнімге деген сұраныс жоғары. Сонымен қатар жақында қазақстандық соядан жасалған өнімдер ирандықтар арасында танымал бола бастады, сондықтан да осы дақылдың жеткізілімін арттыру жоспарлануда. Жалпы Иран астықпен өзін қамтамасыз етуге қауқарлы. Бірақ ауа райының қолайсыздығы кері әсерін тигізіп келеді. Бүгінгі таңда бұл туындаған мәселенің шешімін біз Қазақстанмен орнатылған ынтымақтастықтың арқасында шешіп отырмыз.

Бүгінгі таңда Иран мен Қазақстанның аграрлық сектордағы ынтымақтастығын табысты деп атауға болады. Еске сала кетейік, жақында  қазақ елінің еті мен бидайының Иранға импорты туралы келісімдерге қол қойылды.

Ал экономистердің есебі бойынша, Иранның ішкі нарығына шамамен 12 млн тонна астық қажет. Өз кезегінде шетелдік әріптестер өнімділікті арттыру үшін заманауи технологияларды қолдану тәжірибесімен бөлісуге дайын.

МОХАММАД ХОССЕЙН АНСАРИФАРД, ИРАН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:

-  Нано-технологияларды қолданатын материалдардың арқасында өсімдіктердің климаттық өзгерістерге төзімділігі артады. Өнімділік 2 есе көбейіп, оларды суару барысында су аз жұмсалады, өсімдік зиянкестеріне және ауруларына төзімділікке қол жеткізіледі, ауылшаруашылық қалдықтарының мөлшері азаяды. Бұл нанобөлшектердің мөлшеріне байланысты, олар өсімдікке жақсы енеді. Қазақстандық әріптестермен тығыз байланыс орнатып, ауыл шаруашылығында нанотехнологияны пайдалануға көмектесе аламыз деп ойлаймын.

Қаза0стандық астық Грузия елінде де сұранысқа ие. Соңғы 3-4 жылда жеткізілім 20 пайыызға ұлғайған. Мамандар отандық астықтың сапасына жоғары баға беруде. Ресейден келетін астық арзан. Қазақстаннан келетін бидай Ресей мен Әзербайжаннан өтіп теміржол арқылы жеткізіледі.

КЕТИ КУБЛАШВИЛИ, «АГРИКОМ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Нарықтың 100 процентін ресейлік бидай жаулап алды. Әрине Грузия үшін бұл ыңғайсыз жайт. Жағдайды әртараптандыру үшін 2 немесе 3  жеткізуші ел болғаны  дұрыс. Сондықтан Қазақстанмен байланысты нығайту басты мәселенің бірі болып тұр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, өткен жылы Қазақстанда орташа астық өнімділігі 20 тоннадан асқан. 2019 жылы фермерлер осы көлемде егін жинауды жоспарлап отыр. Айта кету керек, елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға құқығы бар 2 мыңнан астам кәсіпорын бар.

Фото: Baq.kz