Қостанай облысында 600-дей шаруашылық асылтұқымды мал өсірумен айналысады

Қазақстанда мал шаруашылығының болашағы зор және маңызды сала болып қала береді. Өнімге ішкі және сыртқы нарықта сұраныс тұрақты. Бүгінгі таңда мал етін өндірушілер ішкі нарықты 100 пайызға жауып отыр. Бір ғана Қостанай облысындағы 600-дей шаруашылық асылтұқымды мал өсірумен айналысады. Жергілікті «Әулиекөл» асылтұқымды ірі қараның өнімділігі шетелдік сиырдан кем түспейді әрі ТМД аумағындағы фермерлер тарапынан жоғары сұранысқа ие.  Семіз малдардың салмағы 1,5 тоннаға жетеді.

СТЕПАН МОРОЗОВ, ЗООТЕХНИК:

 - Бұқалардың салмақ қосуы таңғаларлық. Сұлы, шөп, суды күнделікті 3 мезгіл береміз. Тәңертең, түсте, кешке. Міндетті түрде. Шөп, су, суару. 3 жасқа дейін күніне 1 килограммнан қосып отырады.

Жергілікті шаруашылықтарға асылтұқымды мал сатып алу ниетімен ресейлік фермерлер жиі келеді. Сонымен қатар мал өсірушілер бұқалардың бір бөлігін бордақылау алаңдарынан тура шетелге экспорттайды.     

БАЙТЕМІР ЫСМАЙЫЛОВ, ӘУЛИЕКӨЛ АУДАНЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Алға қойған тапсырма орындалды. Биыл экспортқа шығару үшін 1750 бас бұқа борқадылау алаңына жеткізілуі керек еді.

Облыстағы асыл тұқымды ірі қара саны 76 мыңға жуықтайды. Көрсеткіш жылдан-жылға ұлғайып келеді. Бұл ретте «Сыбаға» бағдарламасының да үлесі қомақты. Биыл 3,5 мыңдай мал сырттан келеді. Оларға мемлекеттен субсидиялар тағайындалған.   

АСЛАН МОЛДАШОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

 - Өткен жылы біз 2 мың бас асылтұқымды мал әкелдік. Биыл бұл көрсеткішті 500-ге жеткізуді көздеп отырмыз. Ал жыл соңына дейін 3750-ге жеткіземіз деп ойлаймыз.

Тұқымды түрлендіру жұмыстары аймақтағы асыл тұқымды ірі қара санын арттыруға септігін тиігізіп жатыр. Мемлекеттік қолдау бағдарламасымен жеке меншіктегі және фермалардағы 60 мыңдай төлдейтін мал қамтылған.

Фото: kerek-info.kz