Қазақстанда машина құрастыру өндірісінің көлемі 553 млрд теңгеге жетті

Машина жасау – Қазақстан экономикасының ең қарқынды дамып келетін салаларының бірі. Мемлекеттік индустриялық бағдарлама жүзеге асқалы бұл сектордың өндіріс көлемі 3 есеге артқан. 2018 жылы бұл көрсеткіш 1 триллион теңге шамасында болған. Ал 2019 жылдың алғашқы жартысында аталмыш меже 13,5 пайызға өсіп, 553 млрд теңгені құрады. Осы уақыт аралығында елімізде жалпы құны 367 млрд теңге болатын 128 жоба жүзеге асырылған. Биылдың соңына дейін 10 өндірісі іске қосылмақ.

АМАНИЯЗ ЕРЖАНОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - 2018 жылдың қорытындысы бойынша, елімізде шығарылатын трансформаторлар өндірісі 21%-ға, оптикалық талшықты шоғыр сымдар 80%-ға, электр аккумуляторлары 20%-ға, жарықшамдар 9 есеге артқан. Өсімге ТМД елдерінің нарығына, оның ішінде негізінен Ресей Федерациясына жіберілетін экспорт көлемінің артуы оң әсерін тигізді. Ауылшаруашылығы техникасының құрылысында да өсім байқалады. Бұған салық жеңілдіктері қарастырылған мемлекеттік қолдау тетіктері басты негіз болды. 

Жол картасы бойынша 2019-2024 жылдарға арналған машина жинау саласын дамыту бағдарламасы өндірістің өсімін ынталандыруға бағытталған. Құжат аясында отандық кәсіпорындарды жаңғыртуға мүмкіндік беретін өндірістік саясат жөніндегі жаңа заң жобасын әзірлеу көзделіп отыр. Сондай-ақ елімізде өнеркәсіптік даму қоры құрылатын болады.

МЕЙРАМ ПІШЕМБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН МАШИНА ЖАСАУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Машина жасау саласына салынған инвестицияның жемісін бірден көре алмаймыз. Алдымен құрылыс жұмыстары, кейін қолданысқа берілуі бар. Одан соң өндірісін 1 жолға қойып алу керек. Осының бәрін жүзеге асыруға ұзақ уақыт кетеді. Сондықтан қор өнеркәсіп кешенінің өңдеу секторының жобаларын қаржыландыратын болады. Оның ішінде машина жасау саласы бар. Жылдық үстемеақы 1-4 пайызды құрайды. Бұған қоса, ғылыми зерттеу жұмыстарының 1 пайызы қаржыландырылады. Негізінен экспорттық бағыттағы инновацияларды ендіру, жаңа технологияларды меңгеру бойынша қолдау болады.

 Айта кетейік, жол картасы өндіріс көлемін 2 есеге арттыруды көздейді. Ал машина жасау кешені өнімдерінің экспорты 30 пайызға өседі деп күтілуде.                     

Фото: 7kun.kz