Түркістанда шұбаттың құрғақ түрі шығарыла бастады

Түркістанда шұбаттың құрғақ түрі шығарыла бастады. Бұл жалпы құны 7,5 млрд теңге болатын Қазақстан мен Қытайдың бірлескен инвестициялық жобасы. Зауытта тәулігіне 100 тонна шикізат алынады. Жылына 33 мың тонна өнім өндірілмек. Құрғақ сүт арнайы ыдыстарда сақталады. Бір құтыға 330 грамм ұнтақ салынады. Оны сумен араластырып, 3,5 литр шұбат алуға болады. Табиғи өнім қазірдің өзінде шет мемлекеттерге экспортталуда.

АРШЫН ҒАБИДЕН, ӨҢДЕУ ЦЕХЫНЫҢ ЖҰМЫСШЫСЫ:

- Бұл цех қазір ең соңғы заманауи техникамен жабдықталған, барлығы автоматтандырылған. Цифрлық технологиямен басқарылады. Цехтің негізгі міндеті – сүтті қабылдап алғаннан кейін ең алғашқы өңдеу процестері жүргізіледі. Сеператормен тазаланады. Одан кейін пастерилизация жүргізіледі. Ең соңында таза сүтті біз келесі цехқа жіберіп, сосын порошок қылып шығаруға дайындаймыз.

Кәсіпорын қажетті шикізатты жергілікті түйе шаруашылықтарынан сатып алады. Түркістандық зауытта өнім өндіру барысында қолданылатын технология шұбаттың барлық қоректік қасиеттерін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Фото: Хабар 24