Францияның Қазақстанға құйған инвестициясы 15 млрд АҚШ долларына жетті

Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық көкжиегі кеңейе түспек. Ол – еліміздің Еуроодақ ішіндегі ең ірі деген экономикалық әріптестердің бестігіне кіретін мемлекет. Ресми Париж ел экономикасына тікелей инвестиция құю көлемі бойынша алғашқы үштікке кіреді. Соңғы жылдардың өзінде Францияның елімізге әкелген инвестициясы 15 млрд АҚШ долларына жетті, деп хабарлайды Kazakh TV тілшісі.

Тараптар арасындағы алыс-беріс жағы да еселеніп, екіжақты тауар айналымы 4,5 млрд АҚШ долларына шендесті. Қазіргі таңда Қазақстанда Француз капиталының қатысуымен 170-ке тарта кәсіпорын сәтті жұмыс атқарып жүр. Бірлескен жобаның бірі – елордадағы электровоз құрастыру зауыты. Әріптестік тек теміржол техникасын жинаумен шектелмейді.

БРЮНО ЛЕ МЭР, ФРАНЦИЯНЫҢ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

 - Қазақстан – Францияның стратегиялық әріптесі. Франция Қазақстан үшін Еуропаға жол ашатын сенімді серіктесі. Біздің әріптестік теміржол саласымен шектелмейді. Қарым қатынасымыздың әлеуеті кең. Менің сапарымның мақсаты – жаңа байланыс бағыттарын іздеу және жолға қойылған әріптестікті нығайтып, қолға алынған жобалардың жүзеге асуына септесу.

Айта кетейік, бүгінде елдеріміздің арасында негізгі салалар бойынша тығыз әріптестік орнаған. Бейбіт мақсаттағы ядролық өндіріс, әуе нысандарының құрылысы, энергетикалық және құжаттардың қауіпсіздігі жөнінде бірқатар келісімдерді ерекше атап өтуге болады. Көлік құрастыру, құрылыс материалдарын шығару, дәрі-дәрмек индустриясында екі елдің мүддесі бір арнаға тоғысады. Баламалы энергия қуатын өндіру бойынша Франция әлемдегі озық технологиялардың көш басына шыққан. Алып шаһарларды ақпараттық технологиямен басқарудағы тиімді тәсілдері де көп елді қызықтырады. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: mod.gov.kz