Жарты жылда Қазақстанның Әзербайжанға бидай экспорты 3 есеге артты

Қазақстан мен Әзербайжанның экономикалық ынтымақтастығы нығайып келеді. Екі ел арасындағы сауда айналымы үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 136 млн долларды құрады. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға артық. Әзербайжан Қазақстаннан битуминозды материалдардан алынған мұнай өнімдерін, этилен полимерлерін, көліктің қосалқы бөлшектерін импорттайды. Сондай-ақ Қазақстан минералды ресурстар, химиялық шикізат пен ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа жөнелтеді.

ФИРДОВСИ ФИКРЕТЗАДЕ, АГРАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

– 2019 жылдың 6 айында Қазақстаннан 60 млн долларды құрайтын ауылшаруашылық өнімдері импортталды. Оның 57 млн доллары бидайға тиесілі. Қаржының қалған бөлігіне басқа да дәнді дақылдар сатып алынды.

Әзербайжанның Ауылшаруашылық министрлігінің мәлімдеуінше, қазақстандық астық импорты 3 есеге жуық өскен. Бұған бірыңғай кедендік тарифтер де өз септігін тигізді.  

ВУГАР БАЙРАМОВ, ЭКОНОМИСТ:

– 2018 жылдан бастап екі ел арасындағы сауда қатынастар қарқынды дамып келеді. Биылғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, Әзербайжанда  қазақстандық импорт өскені байқалады. Бұған бірыңғай кедендік тарифтер де өз септігін тигізді. Сондықтан кәсіпкерлердің қызығушылығы арта түсуде.

Сарапшылардың айтуынша, қазақстандық бидай өнімдерінің сапасы жоғары болғандықтан, бәсекеге қабілетті болып қала береді. Сондықтан Әзербайжан нарығында қызығушылық артып келеді. Ал 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылғы көрсеткіштерге қол жеткізуіміз осыған дәлел болады.

Фото: kazlenta.kz