Нұр-Сұлтан – Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның қаржы орталықтары арасында көшбасшы

Нұр-Сұлтан қаласы Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның қаржы орталықтары арасында көшбасшы болып танылды, деп хабарлайды Kazkakh TV тілшісі.

Биыл әлемдік қаржы орталықтарының индексінде Қазақстанның астанасы 10 сатыға көтеріліп, 51-ші орынға ие болды. Сарапшылар бүгінде қала инвестициялық ағындарды шоғырландыратын халықаралық хаб болып табылатынын атап өтті. Өткен жылы елорда экономикасына салынған қаржы көлемі 1 триллион теңгеден асқан, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 12 пайызға артық. Нұр-Сұлтан қаласы ұлттық экономиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, елордада жалпы ішкі өнімнің 9,8 пайызы өндірілді және елдің негізгі капиталына 9,5 пайыз инвестиция тартылған. 2018 жылы қаланың ЖІӨ көлемі 5,8 триллион теңгеге жеткен.

МАДИЯР КЕНЖЕБОЛАТ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Әлемнің жаһандық қаржы орталықтары бойынша есептелетін бұл индекс бірнеше жылдан бері есептеледі. Біз бұған дейін 88 орында болғанбыз. Содан кейін өз ұстанымымызды жоспарлы түрде жақсартып, 2019 жылдың қорытындысы бойынша, астанамыз 51-орынға тұрақтады. Бұл Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдері арасындағы ең үздік орын болып табылады. Мысалы, біз Стамбұл, Санкт-Петербург, Мәскеу, Алматы сияқты мегаполистерді басып оздық.

Сарапшылардың пікірінше, рейтингтегі позициялардың жақсаруына инновациялық жобаларды іске асыру және инвесторларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар көп әсер еткен. Арнайы экономикалық аймақ аумағында шамамен 2 триллион теңге сомасына 393 жоба іске қосылды. №1 Индустриалды паркте 71 жоба жүзеге асырылуда, оған 143 миллиард теңгеден астам қаражат тартылды. Өткен жылы халықаралық инвесторлардан жобаларды іске асыруға және инфрақұрылымды дамытуға 964 миллион доллар түсті. Биылғы жылдың 5 айында елорданың негізгі капиталындағы инвестиция көлемі 189 млрд теңгені құрады.

МАДИЯР КЕНЖЕБОЛАТ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Негізгі капиталдағы инвестициялар сияқты көрсеткіштер жыл сайын өсіп келеді. Мысалы тікелей шетелдік инвестициялар 2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда 1,5 есе өсті. Сондай-ақ биылғы жылы АХҚО биржасы толыққанды жұмыс істеп, ағылшын құқығы бойынша жұмыс істейтін Сот жұмыс істеп жатқанын атап өту қажет. Аталған барлық факторлар, менің ойымша, Нұр-Сұлтан қаласының жаһандық қаржы орталықтарының индексіндегі өз позициясын жақсартуына өз ықпалын тигізді.

Айта кетейік, 2050 жылға қарай Нұр-Сұлтан әлемнің ең үздік 10 қаласының қатарына енуді жоспарлап отыр. Астананы дамыту тұжырымдамасы шеңберінде бизнес-қызметтерді дамыту, «Жасыл экономика» қағидаттарын енгізу, «Smart City» жобасын іске асыру және басқалар сияқты басым бағыттар айқындалды.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: elorda.info