Қарағанды облысында жаңа ферроқорытпа зауыты іске қосылды

Қарағанды облысында жаңа ферроқорытпа зауыты іске қосылды

Қарағанды облысында жаңа заманауи зауыт іске қосылды. Ферроқорытпа зауытының құрылысына әлемнің жетекші компаниялары атсалысты. Жобадағы қазақстандық үлес 90 проценттен асады. Құны 32 млрд теңге болатын кәсіпорын үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Халықаралық сапа талаптарына сай өнім Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, АҚШ пен Еуропалық Одақ елдеріне тасымалданады. Бұл ұлттық экономиканың дамуына да серпін бермек.

ЕРЛАН НЫҒМАТУЛИН, «YDD CORPORATION» ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

 - Ашылып жатқан жаңа ферросилициум зауыты біздің Қазақстанымыздың индустриясының жоғары деңгейінің көрсеткіші деп айтуға болады. Бұл – елімізге инвестиция тарту жолындағы тағы да бір құтты қадам. Бүгінде өндіріс орнында экономиканы технологиялық модернизациялау және өнеркәсіпті цифрландыру бойынша «Индустрия 4» бағдарламасының барлық талаптарына сәйкес келетін ең озық инновациялық технологиялар қолданылды. Сонымен қатар зауытта шығарылатын өнімдер 100 пайыз экспортқа жіберілетін болады және сапасы жағынан да, экологиялық талаптар жағынан да әлемдік жоғары талаптарға сай болады.

Жаңа зауыт бастапқы кезеңде жылына 180 мың тонна өнім шығарады. Бұл Қазақстанға әлем бойынша ферросилиций өндірушілердің ондығына енуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті жылына 240 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Кәсіпорындағы ауаның 99,8 пайызы тазартылып отырады. Газ тазалау жүйесі жиналған шаңнан микрокремнезем жасайды. Оны жоғары маркалы цемент жасау үшін пайдалануға болады. Өндіріс ошағы индустриялық аймақ картасының жауһарына айналмақ.

Қарағанды облысында металлургия өнеркәсібі жақсы дамыған. Соңғы үш жылда мұнда бірқатар заманауи және технологиялық өндірістер іске қосылды. Өңірдің инвестициялық көлемі қарқынды дамып келеді. Бүгінде 35 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында өнімнің нақты өсімі 72 пайызды құрады. Тартылған инвестициялардың 93 пайызы – жеке инвесторлардың, ал оның жартысы – шетелдік инвесторлардың қаражаты. Бұл отандық және шетелдік инвесторлардың арасындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі, дейді мамандар.

Фото: inbusiness.kz