«Самал жел» экономикалық бағдарламасы Қазақстан мен Корея ынтымағын нығайтады

«Самал жел» экономикалық бағдарламасы Қазақстан мен Корея ынтымағын нығайтады

Қазақстан мен Корея елдерінің қарым-қатынасы жаңа деңгейге шықты. Қос тараптың әріптестік әлеуетінің көкжиегін кеңейтуде «Самал жел» атты жаңа экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына үлкен сенім артылып отыр. Аталмыш құжатқа өткен сәуір айының соңында Корея Президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстанға жасаған сапары аясында қол қойылды. Ол екіжақты 58 бірлескен жобаны іске асыру мен 10 бағытта кешенді іс-қимылды қамтиды.

КИМ ДЭСИК, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОРЕЯ ЕЛШІСІ:

 - Бұл бағдарлама мұнай-газ, тау-кен өндірісі, ауылшаруашылығы сынды негізгі экономикалық салаларды жетілдіруден бұрын IT-ақпараттық және ақылды технологияларды, цифрландыру саясатын, жасыл экономиканы ендіру, 4-ші индустриалды революция бағытындағы машинақұрастыру, көлік логистикалық орталықтар мен инфроқұрылымды жақсарту, тұрғын үй құрылысы, туризмді дамыту денсаулық сақтау және білім беру сынды әлеуметтік салаларды қамтитын болады. Ол «Нұрлы жол» қазақстандық бағдарламасымен етене жұмыс жасайды.

Мемлекетіміз бен таң самалы елінің арасында жалпы құны 7,2 млрд АҚШ долларын құрайтын индустриалды-инновациялық 40 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бүгінде оның 19-ы өндіріс жолына қойылған. Өзге бастамалар  «Самал жел» бағдарламасының аясында іске асырылмақ. Тағы бір мысал Алматы қаласының айналмалы тас жолын төсеуге корейлік компания жетекшілік жасайды. Көп ұзамай бірлескен көлік жинау зауытын ашу жоспарда бар.

КИМ ДЭСИК, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОРЕЯ ЕЛШІСІ:

 - Корея Орталық Азия елдері ішінде Қазақстанға ең көп инвестиция салады. Бүгінге дейін жергілікті экономикаға 4 млрд долларға жуық қаржы құйылды. Екіжақты сауда-саттық та қарыштап өсіп келеді. Былтыр жылдық тауар айналымы 2,6 млрд долларды құрады. Ал биылдың жарты жылында біз ол көрсеткіштің 90 пайызына жеттік. 2 млрд доллардың өнімі экспортталып, импортталды. Жыл соңына дейін бұл деңгейді еселеу көзделген.

Жалпы екіжақты алыс-беріске келер болсақ, Корей еліне бізден мұнай мен  уран тасымалданса, өз кезегінде Қазақстанға корейлік электронды құралдар мен көлік жабдықтары жеткізіледі. Бүгінгі таңда ел аумағында корей капиталының қатысуымен 500-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.

Фото: kaztag.kz