Қазақстан-Қытай: Үшарал-Достық бағытындағы автомагистраль әлеуеті

Алдағы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар тасымалы артып, елге келетін туристер саны ұлғаймақ. Бұған қос мемлекетті жалғайтын Үшарал-Достық бағытындағы автомагистраль септігін тигізбек. Бүгінде туристер өңірге теміржолмен немесе әуежолдарымен қатынайды. Дегенмен келушілердің басым бөлігі өз көліктерімен жүргенді жөн көреді. Осы мақсатта мемлекеттік деңгейдегі маңызы бар жолда күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Осылайша, келер жылы демалушылар Үшаралдан Алакөлге дейін заманауи күре жолмен жете алатын болады.

АЛМАС АХАНОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Туристердің негізгі жалпы саны Алакөл жағалауына өздерінің көліктерімен келуге ұмтылады. Соған байланысты бұл жолдың маңыздылығы зор. Достық Қытай арқылы орташа есеппен алғанда теміржолмен 25 млн тонна тауар тасымалданады. Егер осы жол іске қосылса, онда бізде автокөлік арқылы жүк тасымалы қолға алынар еді. Бұл – келешектің перспективасы, келешектің жағдайы. 

Суға түсу маусымы кезінде Үшарал-Достық бағытында көлік қатынасы жиілей түседі. Күндізгі уақытта шамамен 1500-ден аса темір тұлпар жүйткіп өтеді екен. Жол салу жұмыстарының аяқталуымен бұл көрсеткіш артып, туризмнің дамуына ықпал етпек. Қос мемлекетті жалғаған күре жолдың кеңдігі 9 метр және қарама-қарсы бағытта екі жолақты болады.

СЕРІК АЙДАРОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл – бастан-аяқ өзіміз жүргізетін алғашқы жобаларымыздың бірі. Жобасын да өзіміз жасап, өзіміз жүзеге асырып жатырмыз. Биыл аяқтаймыз деп отырмыз. Қазіргі таңда асфальттың 12 км салып бітірдік. Келесі жоба дайын, ол мемлекеттік сараптамаға жіберілді, олар қорытындысын берген соң, күзде жұмыстарды бастап кетеміз.

Үшарал-Достық бағытындағы жолдың құрылыс жұмыстары 3 кезеңмен жүргізіледі. Тас жолдың 60 шақырымын жөндеу үшін 16 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Ал 2021 жылы тас жолы пайдалануға берілмек.

Фото: silkadv.com