Түрік инвесторлары Қазақстанда зауыттар ашады

Түрік кәсіпкерлері Қазақстанда бірқатар жаңа кәсіпорындар ашуға мүдделі. Мысалы, жыл соңына дейін қатпар сыйымдылық шығаратын зауыттың құрылысы қолға алынбақ. Жобаның жалпы құны шамамен 10 млн АҚШ долларын құрайды.

БАТЫРБЕК ӘУБӘКІРОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ КӘСІПКЕРЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біріншіден, жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде шетелдік инвесторлар шығаратын өнім көлемі артады. Яғни Ресей мен басқа да мемлекеттерге экспорттау әлеуеті ұлғаяды. Екіншіден, бұл жоба қағаз шығару жағынан жаңа технологиялар мен тың жаңалықтар енгізуге мүмкіндік береді.

Тағы да бір түрік компаниясы Жамбыл облысында кальций содасын шығаратын зауыт салуға ниет білдіріп отыр. Кәсіпорын құрылысына 300 млн доллар қаржы жұмсалмақ. Зауыттың жобалық қуаттылығы бастапқы кезеңде жылына 400 мың тонна өнімді құрайды, кейіннен бұл көрсеткіш 3 есеге ұлғайтылмақ. Зауыт іске қосылған соң, шығарылған өнім елдің ішкі және сыртқы нарықтарына жөнелтілетін болады.  

Сонымен қатар түрік кәсіпкерлері елімізде ерлердің жейделерін тігетін тоқыма зауытының құрылысына қаржы құюға дайын. Кәсіпорын Ақтөбе қаласында ашылмақ. Ал жоғары сапалы дайын өнімді қолжетімді бағамен шет мемлекеттерде сату көзделген. Айта кетейік, қазақстандық нарықта түрік капиталының қатысуымен 1600-ден астам кәсіпорын сәтті жұмыс істеп жатыр. Еліміздегі тұрақтылық пен қолайлы инвестициялық ахуал, сондай-ақ іскерлік топ өкілдері үшін қарастырылған түрлі жеңілдіктер – шетелдік инвесторлардың қызығушылығын оятатын басты факторлар.

Фото: tara116.ru