Биыл Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 6 млрд долларды құрады

Биыл Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 6 млрд долларды құрады

Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуал елде жұмыс істейтін шетелдік кәсіпкерлердің санының артуына септігін тигізеді. 2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, тартылған қаржы мөлшері 6 млрд долларды құраған. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанға инвестициялау жылдан жылға жеңілдеп келеді. Бұған биыл республикамыздың «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде алғашқы 30 мемлекеттің қатарына енуі дәлел бола алады. Құрылысқа рұқсат беру, банкротқа ұшырауды тез рәсімдеу процедурасы индикаторлары бойынша айтарлықтай оң өзгерістер орын алған. Айта кетейік, Қазақстан миноритарлық инвесторларды қорғау бойынша екінші жыл қатарынан әлем бойынша көш бастап келеді. Бұдан басқа, елімізде 12 арнайы экономикалық және 22 индустриялық аймақ ашылған.

АЛИДА ТҮЙЕБЕКОВА, ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ ЖОБАЛЫҚ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Біріншіден, бізде шетелдіктердің қатысуымен жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашуға 3-4 күн кетеді. Екіншіден, бізде жарғы сынды құжаттарға бақылау жүргізілмейді. Ондай жоқ. Өйткені бұлардың барлығы инвестордың кәсіпкерлік тәуекелдеріне жатады. Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін ашық, сондай-ақ ынтымақтастық орнатуға дайын.

Әлемде инвестициялық процестердің баяулауы байқалады. Сарапшылардың айтуынша, бұл Қазақстан үшін көрсеткіштерді жақсартып, инвестицияларды барынша көп тартуға аса тиімді мүмкіндік.

МАҚСАТ КУБЕНОВ, КОНСАЛТИНГТІК КОМПАНИЯНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мысалы, АҚШ пен Қытайдың көптеген компаниялары бүгінде өз тауарларын өткізетін жаңа нарықтарды қарастыруда. Яғни, олар зауыттарын басқа елдерге көшіруге мәжбүр. Сондықтан Қазақстан жаһандық өзгерістерге ілесіп, Қосымша құн салығын арттырудағы тартысқа түсе алады. Қазіргі кезде Қазақстан қосымша құн салығының жаһандық тізбегінде тек шикізаттық секторда ғана ұсынылып отыр.   

2018 жылы Қазақстанның экономикасына құйылған тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 24 млрд доллардан асты. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 2 есеге ұлғайтылмақ. Осы мақсатта инвесторларға тартымды жағдай жасау, шетелдік бизнестің қызығушылығын оятатын жаңа жобалар әзірлеу бойынша жұмыстар жалғасын табады.

Фото: kiplinger.com