2025 жылға дейін елімізде ауылшаруашылығы импорты 2 есеге азаяды

2025 жылға дейін елімізде ауылшаруашылығы импорты 2 есеге азаяды

Ауылшаруашылығы – Қазақстан экономикасының басты бағыттарының бірі. 2025 жылға дейін елімізде импорт көлемі 2 есе азайтылып, отандық өнімдердің үлесі ұлғайтылмақ. Осы міндетті жүзеге асыруға неміс кәсіпкерлері қолдау көрсете алады. Германия агробизнесі альянсының директоры Пэр Бродерзеннің пікірінше, Қазақстанның ауылшаруашылық саласындағы әлеуеті орасан зор. Оның айтуынша, «Қазақстанда жасалған» деген белгімен жоғары сапалы өнімді шығару үшін заманауи технологияларды енгізу керек.

ПЭР БРОДЕРЗЕН, НЕМІС АГРОБИЗНЕС ОДАҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Меніңше, импорттық өнімдердің үлесін азайту Қазақстанға экономикалық тұрғыдан күшті серпіліс береді. Қазақ елі ет шарушылығы мен астық шығару бойынша белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бұл салаларда Германия ең озық технологиялар мен ауылшаруашылық техникасын ұсына алады. Мысалы, бізде жерсерігі арқылы егін егуден оны оруға дейінгі кезеңді бақылайтын құрал бар. Неміс инвестарлары Қазақстанның аймақтарына қызығушылық танытып отыр. Елдің солтүстігінде астық бітік шығатынын білемін, ал орталық өңірлер мал асырауға жақсы, ал Оңтүстік Қазақстанда мақта күшті шығады.

Мамандардың пайымдауынша, агроөнеркәсіптік кешенде заманауи технологияларды енгізу импорт көлемін төмендетіп қана қоймайды. Бұл өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экспорттың әлеуетіне оң септігін тигізеді. Айта кетейік, 2025 жылға қарай елімізде ауылшаруашылық экспорты 2,5 миллиардтан 5 млрд долларға дейін 2 есеге ұлғайтылмақ.

ГҮЛМИРА ИСАЕВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Біз астықты терең өңдеу жағынан мықтымыз. Қазіргі кезде шетелдік нарықтарда астықтың өзі бойынша бәсекелестік өте жоғары.  Сондықтан бидай мен арпаның экспортынан, өңделген өнімдерді экспорттауға көшуіміз керек. Бұл ұн болуы мүмкін. Бүгінде ол өңделген өнімдер экспортының жалпы үлесінің 36 пайызын құрап отыр. Бұл сыртқы нарықтарда үлкен сұранысқа ие крахмал да, глютен де болуы мүмкін.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені шамамен 3 млрд доллардың өнімін экспортқа жөнелткен. Бұған Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қостанай, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының қосқан үлесі зор. 

Фото: ukrinform.ru