«Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» автожолы Қазақстанның көлік әлеуетін арттырады

Орталық Азия мемлекеттері көліктік инфрақұрылымын модернизациялап, дамыту арқылы халықаралық көлік жүйесіне интеграциясын күшейтуде. Аса маңызды жобалардың бірі «Ташкент-Бейнеу-Атырау-Астрахань» жолы Каспий аймағына және Еуропа елдеріне шығуға мүмкіндік береді. Аталған бағытқа кіретін «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» автожолы толыққанды іске қосылды. Жаңартылған соң мұндағы орташа жүру жылдамдығы 50-ден 100 шақырымға артты. Енді бұл жолмен тәулігіне 7 мың көлікке дейін жүріп өтетін болады. Нысан Қазақстан мен Өзбекстанның транзиттік әлеуетінің артып, арадағы сауда айналымының өсуіне ықпал етеді.

АБДУЛЛА ӘРІПОВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

- Бұл жол екі мемлекетке сауда мен экономиканы дамытуға мүмкіндік береді. Көлік дәлізі Қазақстан мен Өзбекстан үшін ғана емес, оның игілігін бүкіл Орталық Азия елдері көре алмақ. Бұл осы елдердің экономикаларын дамытуға тың серпін береді.

Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауарайналым 25 процентке өсіп, 1 млрд АҚШ долларына жеткен. Жаңа жол – Орталық Азия елдері тауарларын Ресей мен Кавказға одан әрі қарай Еуропаға кедергісіз жеткізуге мүмкіндік беретін ең қысқа бағыт. Сондай-ақ Құрық порты арқылы көлік транзитін ұлғайтуға ықпал етеді.

Фото: kazautozhol.kz