Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы

Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы

Қазақстан мен Қытай экономикалық қарым-қатынасы үдей түсті. Әсіресе сауда-саттық байланысына ден қойылған. Тараптар импорт және экспортпен  қатар бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделі. Биыл еліміз «China International Import Expo» көрмесіне қатысады. Ол алдағы қараша айында аспан асты мемлекетінің ірі шаһары Шанхайда өтеді. Ауқымды халықаралық шара әлемнің 130-дан астам елі мен бірқатар трансшекаралық компаниялардың басын қоспақ.   

НҰРАЛЫ БӨКЕЙХАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Өткен жылы Қазақстан аталмыш шараға алғаш рет қатысқан болатын. ҚХР басшысы Си Цзин Пиньнің қатысуымен өткен көрмеде 35 қазақстандық тауар өндіруші өз өнімдерін ұсынды. Олар жалпы құны 110 млн долларды құраған бірқатар экспорттық келісімдерге қол жеткізді. Биыл да көрменің аясы кең болады. Әлемнің жер-жерінен 140 мыңға тарта сауда кәсіпорыны жиналады деп күтілуде.

Бұдан бөлек Қазақстан мен Қытай елдері Қорғастың туристік әлеуеттін кеңейтуде күш біріктірмек. Бүгінде оның инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Мұнда ағылған туристердің қатары күн санап өсуде. Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай шекаралық әріптестігінің орталығына айналған қалаға қос мемлекет тұрғындарымен қатар, үшінші ел азаматтары визасыз тек паспорт арқылы өте алады.

ЧЖАН ВЭЙ, АЛМАТЫДАҒЫ ҚХР-НЫҢ БАС КОНСУЛЫ:

 - Біз Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынас орнату барысында бірлесіп қызмет көрсету түрлерін дамыту  және  бірге  құрылыс жүргізуге кедергі болар мәселелерді шешуге тырысып бағамыз. Негізгі ірі деген ортақ жобаларды осы қағидаға сүйеніп жүзеге асырамыз. Қазір Қазақстан мен Қытай арасында көптеген әуе рейстері ашылды. Елдерімізді байланыстыратын бірнеше темір жол төселді. Магистральдар бар. Бұл қатынас үзілмейді. Тек үдей түсетініне сенімдімін. Ал Қорғас – екі елді жалғайтын маңызды торап. Ондағы шекарааралық әріптестік орталығы ұзақ уақыт бойы қалыптасқан достығымызды дамытып, еркін сауда аймағын құруға сеп болады.

2018 жылы Қорғаста 8 млн 300 мың адам болып қайтқан. Ал биылдың алғашқы 5 айында 2,5 млн адам келген. Бұл өткен жылдың дәл осы мерзімінен 78% артық.

Фото: sputniknews.kz